
Әлемдегі автомобиль таситын ең ірі BYD Shenzhen Қытай кемесі алғашқы рейсін Бразилияға жасады. Жергілікті тұрғындар болса елді Қытайдың арзан көліктері қаптағанына наразы. Бұл туралы Reuters жазды.
20 футбол алаңына тең алып кеме Итажаи портына тоқтады. Тұрғындардың кейбірі оны суретке түсіріп жүр. Алайда Бразилияда халықтың бір бөлігі арзан көліктердің елге келуін жақтырмайды.
BYD қытай автогиганты жергілікті нарыққа айтарлықтай арзан электромобиль мен гибрид көліктерін ұсынып отыр. Бразилиядағы автоөндірушілер мен кәсіподақ жетекшілері болса, отандық өнімге орын қалмай барады деп ренжіді.

Ірі кеменің алғашқы рейсін осы елге жасағанына қарағанда, BYD биыл Бразилия нарығына көз тігіп отыр. Автогигант жыл басынан бері Латын Америкасындағы елге шамамен 22 мың көлік жеткізген.
Қытай неге Бразилияны таңдады?
Мәліметтерге қарағанда, биыл Қытай өндірген автокөліктердің Бразилияға импорты 40%-ға ұлғайып, 200 мыңға дейін жетеді.
«Бүкіл әлемдегі елдер қытайларға есігін жаба бастады, бірақ Бразилия айқара ашып отыр. Қытай оны жақсы пайдаланып жатыр», – дейді IndustriALL Brasil президенті Ароалдо да Силва. Ол алты өнеркәсіп секторындағы кәсіподақ конфедерациясын басқарады.
Еуропа қытай көліктері үшін 45,3%, ал АҚШ 100% кеден салығын енгізіп қойған. Бұған қоса, Құрама Штаттар қытай автокөлік басқару бағдарламасын пайдалануға тыйым салған. Бразилия үкіметі болса электромобиль саудасының өсуіне ықпал ететін саясат ұстанып отыр. BYD осындай көліктер шығарады.
2015 жылы жергілікті үкімет электромобильге баж салығын алып тастаған. Былтыр 10% кеден салығын белгіледі. Тариф әр алты ай сайын өсіп, 2026 жылы 35% болады. Содан-ақ автогиганттың әлемдегі ең ірі су жаңа кемесін Бразилияға жібергенін түсінуге болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы мамырда BYD өнімдерінің бағасын бірден 35%-ға түсіріп жіберді. Автонарықтағы компаниялардың бәрі мұндай бәсекеге дайын емес. Сол себепті автогиганттың баға саясаты қаржы нарығына да айтарлықтай әсер етіп отыр.