БАҚ: Трамп Иранға соққы жасау жоспарын мақұлдады, бірақ жарлық бермеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп Иранға қатысты ең ауыр шешім қабылдайды / фото: REUTERS/Ken Cedeno
Дональд Трамп Иранға қатысты ең ауыр шешім қабылдайды / фото: REUTERS/Ken Cedeno

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққы жасау жоспарымен танысып шықты, бірақ түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Бұл туралы CNN телеарнасы жағдаймен жақсы таныс бір дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Телеарнаның мәліметінше, Құрама Штаттар басшысы әлі де болса, Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартады деп үміттенеді.

«Не істеу керектігін білемін, бірақ мен әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқпын. Мен шешімді жүзеге асырардан бір секунд бұрын қабылдағанды ұнатамын. Өйткені бәрі өзгеріп жатыр. Әсіресе, соғыс кезінде бәрі бірден өзгеріп шыға келеді. Сол себепті бір жағдай екінші біріне тез ауысып кете салуы мүмкін», – деп жауап берген Трамп CNN тілшісінің сауалына.

«Президент Трамптың өзі айтқандай, жоспардың бәрі үстел үстінде жатыр», – деп түсіндірді Ақ үй өкілі.

Ал The Wall Street Journal басылымы болса Трамп Иранға шабуылдауды көздейтін жоспарды мақұлдаған, бірақ шабуылды бастау туралы түпкілікті жарлық бермеген деп жазды. Журнал мұндай мәліметті үш түрлі дереккөздің мәліметіне сүйене отырып таратты.

WSJ мәліметінше, Құрама Штаттар Иранның уран байытуға арналған Фордо зауытын атқылауы мүмкін. Бұл нысан тау ішінде, жер астында орналасқан. Құпия зауытты кез келген қарумен ала алмайсың. Израильде Фордоны жоятын қуатты бомба жоқ.

Bloomberg басылымының дерегінше, АҚШ шенеуніктері жақын күндері Иранға соққы жасауға дайындалып жүр. Вашингтон Тегеранмен тікелей жанжалға түсу үшін инфрақұрылым әзірлеумен әлек деп жазды басылым.

Бұған дейін Трамп Тегераннан «толық капитуляция» талап етіп, ойлануға бір тәулік берген. Алайда Иранның жоғары көсемі аятолла Әли Хаменеи «иран халқы тізе бүкпейді» деп мәлімдеген.

Иран мен Израиль жанжалы

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады. 18 маусымда Иран билігі қауіпсіздік мақсатында елде интернетті уақытша сөндірді.

Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғады. Хаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді

Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.

Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз