
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі банктердің бәрін жалпыұлттық QR төлем жүйесіне қосу үшін күш салып жатқанын айтты. Топ-менеджер банктердің бәрі жүйеге қосылғысы келмейтінін мойындады.
Қадағалаушы мекеме басшысының мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің бәрі ортақ жүйеге қосылғысы келіп отырған жоқ. Дегенмен ҰБ қаржы ұйымдарын қолданыстағы заңнаманы өзгерту арқылы міндеттей алады.
«Жүйеге үш банк кірді. Тағы тоғыз банк сынақ мерзімінен өтіп жатыр. Жыл аяғына дейін шешілуі тиіс мақсат – серіктестік аясында банктердің бәрін осы жүйеге қосу. Олай болмаса, біз парламент арқылы заңнаманы өзгертіп, банктердің бәрін оған қосылуға міндеттейміз.
Оны банктер де түсініп отыр. Соның өзі жеткілікті. Бұл – үлкен технологиялық процесс. Әркім өз экожүйесін әлі келгенше дамытуға тырысып жатыр. Жалпыұлттық жүйеге қосылу – қосымша ақша, адам және қаржы ресурсы. Оңай емес. Бірақ біз бәрін көндіруге күш салып жүрміз», – дейді Сүлейменов.
Бұған қоса, жалпыұлттық жүйені Ұлттық төлем корпорациясы басқаратыны мәлім болды.
«Бірыңғай оператор қызметін ҰБ-ның Ұлттық төлем корпорациясы атқарады. Ол ҰБ-ның 100% еншіліс компаниясы. Қазір онлайн төлемдердің 90 пайызы сол арқылы өтеді. Ол бір тәулікте 5,9 трлн теңгенің операциясын өткізеді. Үлкен ұйым. Дәл осы корпорация жалпыұлттық QR операторы болады», – деді ҰБ басшысы.
Бұған дейін жалпыұлттық жүйеге Freedom Bank пен RBK Bank қосылғаны, Halyk Bank пен басқа да қаржы мекемелерімен келіссөз жүріп жатқаны мәлім болған.