Жаңалықтар

Түркияға ең көп инвестиция салған ел — Қазақстан

Қазақстан Түркияға тікелей инвестиция құю көрсеткіші бойынша бірінші орынға көтерілді / фото: shutterstock
Қазақстан Түркияға тікелей инвестиция құю көрсеткіші бойынша бірінші орынға көтерілді / фото: shutterstock

Қазақстан Түркияға 2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында ең көп инвестиция салған ел атанды. Ол биыл түрік экономикасына 610 млн доллар құйған. Бұл туралы Түркия халықаралық инвесторлар қауымдастығы (YASED) хабарлады.

Қауымдастық мәліметінше, бұл жағынан Қазақстан Нидерландты екі есе, АҚШ-ты үш есе басып озды. Ұйым есебіне қарағанда, Түркия 2025 жылдың алғашқы төрт айында шетелден 3,3 млрд доллар тікелей инвестиция тартқан.

YASED есебіндегі мәлімет бойынша, Қазақстан Түркия экономикасына 2023 жылы 8 млн, 2024 жылы 24 млн, ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында 610 млн доллар құйды. 2022 жылы Қазақстаннан бұл елге инвестиция түспеген.

Бір қызығы, әлемнің ең мықты экономикаларының бірі – Құрама Штаттар 201 млн доллармен үшінші орында қалды.

Қазақстан Түркия экономикасына ақша құю жағынан АҚШ пен Голландияны басып озды / графика: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Қазақстан Түркия экономикасына ақша құю жағынан АҚШ пен Голландияны басып озды / графика: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шетел инвесторларының дені Түркияның қаржы және сақтандыру салаларына қызығады. Мақта-мата және киім, көтерме сауда да тартымды салаларға жатады.

Түркияға инвестиция құйған кім?

Kaspi.kz компаниясы 2025 жылғы қаңтарда Түркиядағы ірі онлайн-сауда платформасы – Hepsiburada бақылау пакетін (65,41%) сатып алған. Мәміле құны шамамен 1,127 млрд доллар. Отандық компания 600 млн долларды келісім жабылған күні төледі, ал 526,9 млн долларды жарты жыл ішінде аударады.

Биыл түрік экономикасына Қазақстаннан құйылған 610 млн доллардың 600 миллионы Kaspi.kz қаражаты деуге негіз бар.

Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Hepsiburada 6 млрд теңге көлемінде шығын келтірді. Компания оны Түркиядағы инфляциямен (37%) түсіндірген. Тағы бір себебі – осы елдегі саяси дағдарыс кезінде тұтынушылардың сауда желілеріне бойкот жариялауы.