Жаңалықтар

«Роскосмос» Азия елдерінде екі ғарыш айлағын салғысы келеді

Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей Қазақстаннан жалға алып отыр / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей Қазақстаннан жалға алып отыр / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Роскосмос» Азия елдерімен екі ғарыш айлағын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы RBC хабарлады.

Ресейдің мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Баканов Петербург халықаралық экономикалық форумында осылай деген. Топ-менеджер ғарыш айлағы салынуы мүмкін нақты елдерді атамаған. Себебі түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

«Қол алысып, келісуге әлі ерте, сол себепті оларды атай алмаймын», — дейді Баканов.

«Роскосмостың» оған дейінгі басшысы Юрий Борисов 2024 жылғы қарашада Ресей өзінің достарына сол елдердің аумағында ғарыш айлағын салуды ұсынғанын айтқан. Сол кезде басты әріптестер ретінде Үндістан, Қытай және Иран аталған. Бұған қоса, ол Оңтүстік Африка Республикасы, Алжир, Зимбабве, Индонезия, Малайзия елдеріне қатысыт «ауқымды жоспар» барын айтқан.

Ресей Қазақстан аумағында орналасқан Байқоңыр айлағын 2050 жылға дейін жалға алып отыр. Бір жылға жалға алу ақысы – 115 млн доллар. Байқоңырға биыл 70 жыл толды.

Федерацияның өз аумағында да бірнеше ғарыш айлағы бар. Олар Амур, Архангельск және Орынбор облыстарында орналасқан.