
АҚШ мемлекеттік департаменті студенттік виза алуға өтініш берушілердің әлеуметтік желілердегі парағын тексеруге тапсырма берді. Сол себепті виза алушылардан желідегі аккаунтын ашып қоюды сұрап жатыр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, мұндай шешім ұлттық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қабылданған. Департамент консулдық қызметкерлеріне студенттік виза алуға өтініш тапсырғандардың АҚШ-қа көзқарасы қандай екенін әлеуметтік желідегі жазбаларынан анықтап білуді тапсырған.
Жаңа саясат Құрама Штаттарда білім алғысы келетін шетел азаматтарын бақылауды күшейтеді. Президент Дональд Трамп әкімшілігінің көші-қон саясаты онсыз да қатал екені мәлім.
Әлеуметтік желілердегі аккаунтын ашпаған, департамент талабын орындамаған студенттердің бұл әрекеті күмән туғызатыны ескертілген.
Бірнеше апта бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бүкіл әлемдегі елшіліктерге студенттік виза алушылармен әңгімелесуді доғаруды тапсырған еді. Себебі әкімшілік әлеуметтік желілерге қатысты қатаң тәртіп енгізуді жоспарлаған.
Құрама Штаттарда білім алатын студенттердің 5,9%-ы, яғни шамамен 19 млн адам шетелден келген.
Естеріңізге сала кетейік, Трамп әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Гарвард университетіне шетел азаматтарын оқытуға тыйым салған. Мұнда Қазақстанның он шақты азаматы білім алады. Гарвард Трамп шешіміне қарсы сотқа жүгінді. Судья түпкілікті шешімді жақында қабылдауы тиіс.
Трамп әкімшілігі тағы 36 елдің азаматына АҚШ-қа кіруге тыйым салу мәселесін қарап жатқаны осы аптада мәлім болды.