Есею жаспен өлшенбейді және шешім қабылдап үйрену қаншалықты маңызды

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Көбі ересек адам, есею дегенге жасына қарап баға береді. Дегенмен адам есеюі үшін көп жыл өмір сүруге тиіс емес. Яғни жеке куәліктегі сандар сіздің дана, ақылгөй не жеке тұлға ретінде дамуыңызға әсер етпейді. Асылы, адам өз өміріне толықтай жауапкершілік алған сәттен бастап ересектер санатына қосылады. Бүгінгі материалымызда неге нағыз есеюдің жылдармен емес, қабылданған шешімдермен өлшенетіні туралы айтамыз.

18+ ересек болғаныңызды білдіре бермейді

Негізі заңға салсақ, адам 18 жаста кәмелетке толған, ересектер санатына қосылады. Бірақ жасы қырықтан асса да әлі де жасөспірімнің қылығын жасайтындар арамызда бар. Сол сияқты жиырмаға енді келсе де ақыл тоқтатқан, есейгендер болады. Олай болса, адамды есейтетін не нәрсе? Бір анығы: жас емес. Бұл жерде мәселе біздің қабылдайтын шешімдерімізде, не нәрсеге дайын болып, салдарына жауапкершілік алуға дайын екенімізде.

Есею деген әжептәуір процесс

Ересек болу, есею деп өмір жолындағы белгілі бір аялдаманы айтпайды. Бұл — таңдаудан тұратын процесс. Мысалы:

  • Қатеңді мойындап, кешірім сұрап үйренуің.
  • Токсик қарым-қатынаста жүрсең, қанша жерден жалғыз қалуға қорықсаң да өзіңді таңдап, тоқтатуың.
  • Жұмысты статусына қарап емес, өзіңе ұнайтын, ішкі қалауыңа сай қылып таңдауың.

Осы сынды қадамдарға бару оңай емес. Оған үлкен күш салу керек. Бірақ сол қадамдарды жасау арқылы біз есейеміз.

Ересек адам жауапкершілік алудан қорықпайды

Психологтардың айтуынша, ересек болу мен есею сатысы «мен өмірде болатын жағдайдың бәрін бақылауда ұстап тұра алмаймын. Бірақ оған қандай реакция жасайтыныма жауаптымын» дегенді түсінген кезде басталатынын айтады. Яғни әлдебір сәтсіздікке басқаларды кінәлауды тоқтатса, басқалардан үнемі көмек күте бермесе, қалай бар — солай қабылдай алса — ересек адамның позициясында тұрғаны. Ақыл тоқтатқан адамның әрекеті осындай болса керек. Мысалы, жасыңыз 27-де делік. Жұмыстан шығып қалдыңыз. «Бәрі мені көре алмайды», «маған бәрі қарсы» деудің орнына «нақты немен айналысқым келетінін, маған не ұнайтынын түсінуге керемет мүмкіндік болды» деп қабылдай алсаңыз, сіз ересексіз деген сөз.

Қабылдаған шешімнің бәрі бірдей сізге жақпауы мүмкін

Айтқандай, есею деген — шешім қабылдау. Бірақ мына нәрсені дұрыс түсіну керек: біз қабылдаған шешімнің барлығы бірдей жағымды бола бермейді. Мәселен:

  • Ақша түскен бойда құртып тастамай, жинаймын деп шешсеңіз;
  • Қанша жерден тұрғыңыз келмесе де, ерте тұруға әдеттенсеңіз;
  • Біреуді ренжітіп алудан қорықсаңыз да, керек жерде «жоқ» деп айтып үйренсеңіз;
  • Өзіңізді қинай бермей, терапияға барамын деген шешімге келсеңіз.

Есею деп қанша қолайсыз болса да, кейін жемісін беретін, өзіңізге жақсы болатын дұрыс шешім қабылдап үйренуді айтамыз.

Ересек адам өзін-өзі алдамайды

Есейген адам жеке шекарасын жақсы білуге тиіс. Сол сияқты өзіне не керек екенін, неден қорқатынын да біледі. Өзін алдамайды. Шынайы болады.

  • «Мына жұмыс маған ұнамайды».
  • «Шаршап кеттім».
  • «Маған қолдау керек».

Осы сынды сөздерді мойындаудан қашпайды. Бұл жерде мәселе әлсіздікте емес. Нағыз ересектік деген осындай болады. Мінсіз болуға ұмтылмай, керісінше өзін алдамауды үйренеді.

Жас дегеніңіз сан ғана

Кей адамдар «жасым отызға келді», «қырықтан астым» деп өз-өзін тастап жіберіп, депрессияға кіріп кетуі мүмкін. Бірақ жас — дамығанның да, басқасының да көрсеткіші бола алмайды. Оған қарағанда, осы жасқа келгенде қалай өмір сүріп жатқаныңыз әлдеқайда маңызды. Айталық, бір адамдар 22 жаста болса да өмірін дұрыс арнаға бұрып, жолын адаспай табады. Сол сияқты бір адамдар елуге таяса да өз өміріне әлі де жауапкершілік ала алмай, көмек күткен күйі жүре береді. 

Тобықтай түйін: есею деген — бітпейтін таңдаудан тұратын ұзақ жол

Адамға есейе түсуге күн сайын мүмкіндік беріліп отырады. Бұл біздің жасымызға жас қосылып жатқанынан емес. Біз күнде жаңа нәрсе үйренеміз. Ұнамаса да, дұрыс шешім қабылдау, өзімізді алдаусыратпау, жауапкершілік алу — есеюге жасалатын қадамдар. Түптің түбі еркіндік те — осында.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін асықпай, аптықпай өмір сүрудің кереметі туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз