Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы 10 жылға сотталуы мүмкін

Жарияланды
Қылмыстық істің қаралып жатқанына 4 айға жуықтады /фото: shutterstock

Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашев пен онымен бірге істі болып жатқан Нұрсұлтан Тілешовтің ісі бойынша жарыссөз басталды. Прокурор соттан Ғалымжан Жұмашевты 10 жылға, ал Нұрсұлтан Тілешовті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қылмыстық істің Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқанына 4 айға жуықтады. Іске судья Самидин Темірәлиев төрағалық етіп жатыр.

Тілешов Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен, Жұмашев дәл осы бапқа қоса «Пара алу», «Пара беру» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы бойынша айып тағылған.Жәбірленуші тарап сотта өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.

Істің мән-жайы

Прокурордың жарыссөзде айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде 2016 жылдың қазан айынан 2020 жылдың қазан айына дейін Жұмашев өзі және қол астындағы қызметкері арқылы жәбірленуші Элмира Дүйсенқызы және оның қол астындағы қызметкерлерінен 72 млн теңгеден аса және 220 мың доллар көлемінде, 2020 жылдың ақпан айынан бастап 2023 жылдық қазан айына дейін жәбірленушіден алаяқтық жолмен 126 млн теңгеден аса және 335 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Бұл ақшаға Шымкенттен 44 млн теңгеге жер телімін сатып алып, ағасының атына рәсімдеген. 2022 жылы осы жерге құны 120 млн теңге тұратын мектеп салған. Сөйтіп қылмыстық жолмен алған ақшаны заңдастырған.

Ал Нұрсұлтан Тілешов Тараз қалалық прокуратурасының қызметкері бола тұра өз лауазымын пайдаланып «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген күдікке ілінген. Ол жәбірленуші Элмира Дүйсенқызының сеніміне кіріп «оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартамын» деп уәде беріп, 10 млн теңгесін алаяқтық жолмен алған.

«Десе де сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Жұмашев пен Тілешовке тағылған бірнеше эпизод айыбы сот тергеуі кезінде өз дәлелін таппады. Айыпталушы Жұмашов пен Тілешовке тағылған айып бойынша әр эпизодты жеке дара қарауыңызды сұраймын»,  – деді прокурор жарыссөзде.

Дәлелін таппай қалған жайттар

Прокурордың сөзінше, мысалы, сот тергеуінде 2016-2020 жылы Жұмашевтың Дүйсенқызынан ірі және аса ірі көлемде (72 млн теңгеден аса және 220 мың доллар көлемінде) пара алды деген айып өз дәлелін толық таппаған. Дүйсенқызына қарасты мектеп пен колледждер Шымкент қаласында орналасқан, оны қаржыландыру және лицензиялау Жұмашевтың құзіретіне кірмеген. Мұнымен Шымкент қалалық білім басқармасы және Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті айналысады. Бұл эпизод бойынша тек Дүйсенқызының Жұмашевқа 57 млн теңгеден аса ақша аударғаны анықталған. Ол бұл ақшаны банк аударымдары арқылы дәлелдеген. Тергеу кезінде қалған 15 млн теңге және 220 мың долларды Жұмашевтың алғаны туралы дәлелдемелер жоқ.

Сондықтан прокурор соттан дәлелін таппаған соманы айыптаудан алып, Жұмашевқа 366-баптың 4-бөлігімен тағылған айыпты 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағына қайта ауыстыруды сұрады. Оның пара бергені де сотта дәлелденбеген.

Прокурор айыптау актісіндегі өзге де эпизодтағы айыптар дәлелденбегенін айтты. Тілешовке қатысты да тағылған кей айыптар өз дәлелін таппаған.

Прокурордың айтуынша, Жұмашев Дүйсенқызынан нақты қанша ақша алғанын айта алмаған.

«Жұмашев антикоррупциялық талаптарды біле тұра лауазымды қызметте жүріп өзі осындай қылмысқа жол берді. Жұмашевтың қылмысы ауыр қылмыстар санатына жатады. Ол өзінің қылмыстық әрекетіне өкініш білдірмеді. Керісінше сотқа дейінгі тергеп-тексеруден бастап сот тергеуінде де жауапкершіліктен қашуға әрекет етті. Сондықтан оның бұдан кейін де осындай қылмысқа бармауы үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, мал-мүлкін тәркілеуді сұраймын»,  – деді прокурор жарыссөзде.

Прокурор не деді

Сөйтіп прокурор соттан Жұмашевты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және
«Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды, Шымкент қаласындағы жекеменшік мектеп пен жер телімін, автокөлігін, Астана қаласындағы пәтерін, автотұрақ орнын және 57 миллион теңге шамасында ақшаны мемлекетке қайтаруды, ал жәбірленуші Дүйсенқызына 67 млн теңге өндіріп беруді сұрады. Ал Жұмашевпен бірге «Алаяқтық» бабымен айыпталған сотталып жатқан Тілешовті 4 жыл соттауды, шенінен айыруды сұрады.

Айта кетейік, Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашев пен онымен бірге істі болып жатқан Тараз қалалық прокуратурасының прокуроры Нұрсұлтан Тілешовтің ісі сотқа ақпан айында түскен.

Сондай-ақ оқыңыз