Шымкентте канал тасып, бірнеше үй мен балабақшаны су басты

Жарияланды
Бадам магистралды каналы тасып жеке тұрғын үй мен балабақшаны су басты/Фото: gov.kz

Шымкенттегі «Наурыз» ықшам ауданындағы Бадам магистралды каналы тасып, бірнеше жеке тұрғын үй мен балабақшаны су басты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су Дендрологиялық саябаққа жіберілген. Құбыр ластанып, су тұрғын үйлер мен балабақшаға қарай лап берген.

Каналдан аққан лай су тұрғын үйлердің ауласы мен балабақшаға таңда кірген. Үйінің ауласын лай су шайған тұрғындардың бірі Айтбөпе Аханованың сөзінше, тасыған судың ағыны қатты болған. Тұрғындардың ары-бері жүруге мұршасы болмай, аулада тұрған заттарды су ағызып кеткен.

«Су жоғарғы жақтан келді. Ауладағы қазан-ошақ, балалардың ойыншықтары тұрған. Бәрі ағып, лай басып қалды. Жазғы асханамызда отыратын орындықтар да ағып кетті. Судың ағыны жүрген адамды құлататындай қатты болды. Есіктің алдында ештеңе қалмады», – дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, бұл каналдың бірінші тасуы емес. Бұған дейін де су тасып, әбігерге салған. Әкімдікке шағымданғанымен нәтиже болмаған.

«Мына жерде есік болған еді. Тасыған су жұлып кетті. Нан жабатын тандыр болды. Оны да құлатып кетті. Бұл бірінші жағдай емес. 2024 жылы осылай 3 рет су алды. Әкімдікке шағымдандық. Бірақ ешкім бізге құлақ аспады»,  – дейді үйін су алған Ерболат Аханов.

Тасыған су тұрғын үйлермен қатар орналасқан балабақшаның да қабырғасын қиратқан.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Сергей Огайдың айтуынша, су құбырының ластануынан лай су тасыған.

«800 метрлік су құбыры ластанған. Соның салдарынан Бадам каналы тасыды. 10 шақты үйдің ауласы мен балабақшаны су алды. Магистралды канал қалалық жайлы ортаны бақылау басқармасының қарамағында. Дендрологиялық саябақты суғару үшін канал арқылы секундына 200 литр су жіберіледі», – дейді департамент басшысының орынбасары.

Шымкент қалалық жайлы ортаны бақылау басқарма басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахмановтың уәжі бөлек. Оның сөзінше, канал қоқысқа толып бітелген. Одан бөлек шаруалар суды жауып қойған. Су содан тасыған. Тұрғындарға аулаларды лай судан тазартуға әкімдік көмектескен.

Сондай-ақ оқыңыз