
Астананың Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Фридом Финанс» компаниясының бұрынғы қызметкері Темірлан Бековке қарсы алаяқтық бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл іс брокер клиентінің арызы негізінде қозғалған болатын. Тергеу барысында Бековтің әрекетінен қылмыс құрамы анықталмаған. Осы ақпаратты қалалық прокуратура да растады.
Бұл іс ақпараттық кеңістікте «Фридом Финанс» компаниясына қарсы бағытталған кампанияның басты эпизодтарының біріне айналды. Компания өкілдері қазіргі кезде іскерлік беделін заңмен қорғауға ниетттеніп отыр.
Тергеу қалай басталды?
Темірлан Бековке қатысты қылмыстық іс 2023 жылдың қазан айында зейнеткер Қарлығаш Қапарованың арызы негізінде қозғалған. Зейнеткер қор нарығына салған ақшасын брокер Темірлан Беков иемденіп кетті деп шағымданған. Алайда тергеу барысында Қапарова компанияның сауда жүйесіндегі жеке кабинетінің логині мен паролін Бековке өз еркімен бергені анықталды.
Алдын ала келісім бойынша, Беков Қапарованың шотымен жұмыс істеп, табысты мәмілелерден 20% комиссия алатын болған. Бұдан бөлек, Қапарова оған «қызметі үшін» қосымша 3,9 мың доллар төлеген.
Алайда бұл әрекет компания ережесіне қайшы келген. Себебі үшінші тұлғаларға, соның ішінде компания қызметкерлерінің де шотқа кіруіне рұқсат етілмейді. Айта кетерлігі, Қапарова бұл кезде Бековтің жұмыстан шығып кеткенін білген.
Беков Қапарованың шотын 2019 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін 4 жыл бойы басқарған. Әрбір сауда операциясын Қапарованың өзі растап отырған. Өйткені оған SMS арқылы келетін арнайы код жіберіледі. Кейбір мәмілелер табыс әкелген. Осы аралықта Қарлығаш Қапарова бағалы қағаздарға жалпы сомасы 380 мың доллар инвестицияға салған. Бірақ сәтсіз инвестиция салдарынан зейнеткер шығынға ұшыраған.
Тергеу қорытындысы қандай болды?
Тергеушілер Бековтің әрекетінен қасақана алаяқтық жасау белгілерін таппаған. Оның жасаған мәмілелері расында қор нарығында жүзеге асқан, алайда тәуекелі жоғары болған. Зейнеткерді алдап, ақшасын иемденуге тырыспаған, бүкіл қаражат бағалы қағаздарға салынған.
Тергеуге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары да қатысып, биржадағы саудада заң бұзылмағанын растады.
Бұл істің тоқтатылғанын Kursiv.Media-ға бірнеше дереккөз хабарлады. Редакция қалалық Экономикалық тергеу департаментіне ресми сауал жолдағанымен, мақала шыққан сәтте жауап келмеді.
Бұл ретте сарапшылар қор нарығындағы сәтсіз инвестиция қылмыстық қудалау үшін негіз бола алмайтынын атап өтеді. Сонымен қатар лицензиясы бар бүкіл компаниялардың ережесінде инвестицияның тәуекелдері туралы ескерту міндетті түрде жазылады.
Ақпараттық шабуыл мен компанияның жауабы
Бековке қатысты тергеу жүріп жатқан кезде кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Фридом Финанс» компаниясына қарсы ақпараттық шабуыл басталды. Көптеген материалдарда Қарлығаш Қапарованың қызы Жанна Қапарова негізгі спикер ретінде жүрді. Ол анасының ақшасынан айырылып қалғанына компания мен оның басшылығын айыптады.
Бірақ кезекті баспасөз жиынында Жанна Қапарова анасының ақшаны Бековке өз еркімен тапсырғанын және оның жұмыстан кеткенін білгенін мойындауға мәжбүр болды.
2024 жылдың сәуірінде кейбір БАҚ-та бір күнде компанияға қарсы 10-нан астам мақала жарияланып, онда компания АҚШ қор нарығында жұмыс істемейді және алаяқтық схемалар құрып жатыр деген айып тағылды. Бұған жауап ретінде компания ресми мәлімдеме жасап, бұл ақпараттарды манипуляция және компанияны «соттан тыс реттеуге» көндіру мақсатындағы ұйымдасқан PR-шабуыл деп атады.
Компания не дейді?
Компанияның айтуынша, осы ақпараттық шабуылға дейін оларға түрлі адамдардан «ақша төлесе, мәселені шешіп беретіні» жайлы ұсыныс түскен.
«Компания бұл ұсыныстардан бас тартқаннан кейін, KazTAG агенттігі екі күн ішінде 12 мақала жариялады. Жалпы, наурыз айының соңынан бері бұл агенттік брокер мен оның акционері туралы жүзге жуық материал таратты», – деп атап өтеді компания.
«Фридом Финанс» компаниясының адвокаты Александр Камендровский Темірлан Бековке қатысты істің тоқтатылғаны туралы ресми құжатты көрмегенін айтты. Оның сөзінше, компания бұл тергеуге тарап ретінде қатыспаған, бірақ бұл істің компанияға бағытталған шабуылдың бір бөлігі ретінде қарастырылған.
«Тергеу бірнеше айға созылды, барлық дерек пен құжат мұқият зерттелді. Маман ретінде біз Экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураның кәсібилігін жоғары бағалаймыз, олар бұл істі бейтарап қарап, әділетті шешім шығарды», – деді Камендровский.
Бұл ретте адвокат компания өз іскерлік беделін қорғау мақсатында ақпараттық шабуылға қатысы бар тұлғаларға қарсы шара қабылдайтынын айтып өтті. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдарында немесе басқа жария алаңдарда адамның кінәсін сот үкімі шықпай тұрып жария түрде айтуға болмайтынын, яғни мұндай мәлімдемелер үшін заң бойынша жауапкершілік бар екенін еске салды.