
Таяу Шығыстағы саяси жағдайға байланысты Wizz Air Abu Dhabi авиакомпаниясы Астана – Абу-Даби арасындағы рейстерді тоқтатты.
Астанадан (NQZ әуежайы) Абу-Дабиге (AUH әуежайы) соңғы рейс 2025 жылдың 19 маусымында жергілікті уақыт бойынша 15:45-те орындалады.
Абу-Дабиден Астанаға кері бағытта ұшуды жоспарлаған жолаушыларға авиакомпания Алматы (ALA) арқылы балама бағыт ұсынады.
Жолаушы балама бағыттан бас тартқысы келсе, билеттің толық құнын қайтару мүмкіндігі бар. Ол үшін Wizz Air колл-орталығына хабарласу қажет.
«Рейс кестесіне және бағыттарына қатысты барлық өзгеріс жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Барлық сұрақ бойынша Wizz Air авиакомпаниясы клиенттерге қызмет көрсету орталығына тікелей хабарласу қажет», – деп хабарлады Астана әуежайының баспасөз қызметі.
Air Astana хабарламасы
Қазақстандық Air Astana компаниясы Атырау-Дубай бағыты бойынша рейстердің уақытша тоқтағанын хабарлады.
«Air Astana 28 маусымнан бастап Атырау-Дубай бағыты бойынша ұшу уақытының едәуір ұзаруына байланысты уақытша орындалмайтынын хабарлайды. Дубайға Астана мен Алматыдан ұшатын рейстер Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өту арқылы жалғасады», – деп хабарлады әуекомпания.
Уақытша тоқтатылған рейс жолаушыларына Алматы және Астанадан Дубайға немесе Атыраудан басқа бағыттарға тегін қайта брондау не билеттің толық құнын қайтару қызметі ұсынылады.