Жақсы жолдас сотқа 10 күн қалғанда істі тастап кетпейді – Қаржаубай Нұрымов

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қаржаубай Нұрымов сұхбат берді/фото: видеодан скриншот

Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен сотта отбасының мүддесін қорғаған адвокат Мейірман Шекеев сұхбат берді. Олар Назымгүл Күміспаеваның YouTube каналына берген сұхбатында өзін құқық қорғаушы деп таныстырып жүрген Айтбек Амангелдінің әрекеті, сот процесі туралы пікір білдірді.

«Жақсы жолдас не жақсы адам сотқа 10 күн қалған кезде істі тастап кетпейді», – дейді Нұрымов.

Ал адвокат Шекеев Нұрымовтың өзіне сенімхат бергенін, сол кезде «адвокаттардан емес, Айтбек Амангелдіден бас тартамын» деп айтқанын жеткізді.

«Адвокаттардан сенімхат қайтарып алған жоқ. Қаржаубайға «олардың да еңбегі, бар, 10-15 күн қалған кезде бізге де ауыр болады, бірге жұмыс істей берейік» деп айттым. Қаржаубай күтіп жүрді. Олардың тарапынан кездесу, байланысқа шығу әрекеті болмағандықтан, 4 күннен кейін ғана сенімхатты қайтарды. Бұл іс материалдары сотқа кетіп жатқан сәт. Айтбекке хабарласып, «сөйлесейік» дедім. Ол жауап бермеді. Саида Таукелева да жауап бермеді. Іс материалдарын беруді сұраған кезде «ол көлемді, хард алып келіңіздер, пошта арқылы жіберілмейді» деген. Содан полицияға өтініш жазып, сол жақтан алдық. Олар міндетті емес, бірақ адами тұрғыдан қылмыстық істі бізге беруі керек еді», – дейді адвокат Мейірман Шекеев.

Қаржаубай Нұрымов қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты.

«Біз жеңбедік те, жеңілмедік те. Біз Отан үшін, жер үшін соғысқан жоқпыз ғой. Біз тек әділдік үшін күрестік. Іс Талғарда қалып қалғанда мұндай дәрежеге жетпес еді. Қолдағандар да бар. Қаралағандар да болды. Мейірман ағаға «Ешкіммен соттаспаймын да, ешкімді қараламаймын да» дедім. Ондай деңгейге түспейік дедім. Қолымнан келгеше балам мен бауырым үшін жүгірдім. О дүниеге барғанда мен де ұялмастай болуым керек. Қолымнан келмегенін Аллаға тапсырдым», – деді Қаржаубай Нұрымов.

Айтуынша, Қаржаубай Нұрымов сотқа толық қатыса алатынын айтқан. Тек әйелі мен анасының денсаулығы жарамайтынын жеткізген. Ол «Соттан қашқан жоқпын» деп отыр.

«Дүниелік затта тұрған ештеңе жоқ. Заң да, Үкімет те ақталуына мүмкіндік берді. Менің қалауым болса, балам тіріліп келсін деп айтар едім. Содан кейін кімдікі дұрыс, кімдікі дұрыс емес деп айтсын. Көшенің әңгімесіне келер болсақ, шакал тірлік жасамау керек. 3 адам, 13 адам, арада 16 жастағы бала пышақталады. Оны ата-анасының көзінше, әжесі мен ағасының тоқтатуға тырысқанына қарамай, қалай өлтіргенін бәрі көрді. Сол түнмен ұйықтаймыз, сол түнмен тұрамыз», – деді Нұрымов сұхбатта.

Айта кетейік, бұған дейін Айтбек Амангелді мен іске қатысқан бір топ адвокат журналистке сұхбат берді. Бастапқыда іс бойынша өзін құқық қорғаушы деп таныстырып жүрген Айтбек Амангелдінің (бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некеде болған әйелі марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы – ред.) командасы Нұрымовтар отбасының мүддесін қорғаған. Бұл қатарда Саида Таукелова, Карина Көшербаева, Ерлан Адаев және Асылбек Әбдірайымов бар.

Сондай-ақ оқыңыз