Назарбаев мектебінен шығарылған оқушы аттестат алды

Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушы басқа мектепте аттестат алды. Бұл туралы әлеуметтік желіде заңгер Женгелді Сүлейманов жазды.
«НЗМ Сұңқарды 11-сыныптан 23 мамыр күні шығарып жіберген еді. Оған енді 1 қыркүйектен бастап қарапайым мектепке барып, тағы бір жыл оқу керек болды. Бірақ біз – қоғамның шамамен 20%-ы оның құқығын қорғап, заң жағында болдық. Нәтижесінде Сұңқарға емтихан тапсыруға рұқсат берілді және ол аттестат алды», – деп жазды Сүлейманов.
Айта кетейік, Назарбаев мектебінің оқушысын емтиханға телефон алып кіріп, артынан оны алып қойған мұғалімді балағаттаған үшін оқудан шығарып жіберген еді. Бұл іске қатысты министрлік мәлімдеме жасап, педагогке құрмет көрсетілуі керек деп мәлімдеді.
Болған жағдайдан кейін жасөспірім ауруханаға түскен. Бұл жайлы қоғам белсендісі Аида Бұқаева да өзінің парақшасында жазған.