Иран Израиль шабуылын тоқтатпайынша, келіссөзге келіспейтінін мәлімдеді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Иран Израиль шабуылын тоқтатпайынша, келіссөзге келіспейтінін мәлімдеді
Иран Израиль шабуылын тоқтатпайынша, келіссөзге келіспейтінін мәлімдеді/Фото: Tatyana Makeyeva/AP 

Еуропаның үш елі – Германия, Франция және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері Иранмен Израиль арасындағы шиеленісті азайту жөнінде келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр. Алайда Иран тарапы қазіргі жағдайда дипломатияның уақыты келмегенін мәлімдеді.

«Израиль шабуылдарын тоқтатпайынша, ешқандай келіссөз де, дипломатиялық байланыс та болуы мүмкін емес. Біз ешкіммен диалог жүргізуге дайын емеспіз. Америкалықтармен де ешқандай байланыс жоқ», – деді Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 20 маусым күні ирандық SNN порталына берген сұхбатында.

Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыс екінші аптаға жалғасып жатқан тұста, Еуропа елдері бұл шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге күш салып отыр. Германия, Франция және Ұлыбритания сыртқы істер министрлері Арагчимен Женевада кездесу өткізгісі келеді. Олар АҚШ-тың қақтығысқа араласып кету ықтималдығынан туған белгісіздік жағдайында дипломатиялық тұрғыда ілгерілеуге қол жеткізгісі келеді.

Ал Израиль Иранды әдейі уақытты созып отыр деп айыптады.

«Ештеңе өзгерген жоқ. Иран әлем жұртшылығын адастырып, уақытты ұтып алуға тырысып жатыр. Бұл елдің ядролық бағдарламасынан бас тартуға ешқандай ниеті жоқ. Ол Израильдіктердің өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, бүкіл әлем үшін де аса қауіпті», – деп жазды Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Израиль-Иран жанжалы

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.

Иран мен Израиль қақтығысына АҚШ та араласуы мүмкін. Трамп капитуляция туралы әңгіме қозғадыХаменеи иран халқы ешқашан берілмейді деп мәлімдеді

Иранның Фордо ядролық нысаны Израиль үшін алынбас қамалға айналды.

Ал 13 маусымнан бастап Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Астана мен Алматы қалаларында синагога ғимараттарына күзет қойылды

Кеше Израиль Иранның ядролық нысандарының біріне шабуыл жасаған. Иран билігі бұл реактор тек бейбіт мақсатқа арналған деп мәлімдеген. Алайда Батыс сарапшылары бірнеше рет мұнда әскери мақсатта қолданылатын бөлінетін материалдар өндірілуі мүмкін деген күдік білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз