KASE Басқармасының құрамына өзгеріс енгізілді

«Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқармасының құрамына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы KASE хабарламасында айтылады.
KASE мәліметінше, өзгеріс басқару командасын нығайту және ағымдағы стратегиялық даму міндеттерін орындау мақсатында іске асқан.
Басқарма құрамындағы өзгерістер төмендегідей:
- Искакова Айнагүл Қуанышбайқызы 2025 жылғы 23 маусымнан 2026 жылғы 1 шілдеге дейінгі өкілеттік мерзімімен Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына сайланды;
- 2025 жылғы 20 маусымнан бастап Мәжекенов Ермек Болатұлының Биржаның Басқарма төрағасының орынбасары ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
23 маусымнан бастап KASE Басқармасы өкілеттік мерзімі 2026 жылғы 1 шілдеге дейінгі бес адамнан тұрады:
1) Басқарма төрағасы Мұхамеджанов Әділ Нұрланұлы;
2) Басқарма төрағасының орынбасары Саржақов Жайнар Наурызбайұлы;
3) Басқарма төрағасының орынбасары Аманжолова Дана Мұратбекқызы;
4) Басқарма төрағасының орынбасары Искакова Айнагүл Қуанышбайқызы;
5) Басқарма төрағасының орынбасары Гришко Михаил Валерьевич.
Жаңа орынбасар кім
Айнагүл Искакова бұған дейін Орталық депозитарийдің басқарушы директоры және Басқарма мүшесі болған. Орталық депозитарийде жұмыс істеген уақытында ол Agile әдістемесі бойынша өнімді әзірлеу тәжірибесін енгізген, 9 өнім командасының жұмысын ұйымдастырған (өнім менеджерлері, аналитиктер, әзірлеушілер, DevOps), сонымен қатар фронт-офис пен тіркеуші қызметіне жетекшілік еткен,
2018-2022 жылдар аралығында Айнагүл Искакова Биржада стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментін басқарған. Ол – қаржылық реттеу және корпоративтік құқық саласындағы білікті сарапшы. Қаржы секторында, оның ішінде мемлекеттік реттеу, құқықтық сүйемелдеу, халықаралық қатынастар және капитал нарықтарын стратегиялық дамыту саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.
Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Даму банкінің» директорлар кеңесінің құрамы өзгерген.