Автобус жүргізуші мас күйде балаларды лагерьге тасыған

Алматыда полиция мас күйде көлік тізгіндеген автобус жүргізушісін ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Оқиға Әл-Фараби даңғылында болған. Полиция қызметкерлері аталған деректі Алматы облысындағы лагерьге балаларды тасымалдап бара жатқан шағын автобустар колоннасының қозғалысын бақылау кезінде анықтаған.
Наркологиялық сараптама балалар отырған көлікті басқарған жүргізушілердің бірінде алкогольдік масаңдықты растаған.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні көлік құралын басқарудан шеттетіп, автобус мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылған. Материалдар заң аясында шешім қабылдау үшін Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілген.
– Балаларды тасымалдау – ерекше жауапкершілікті қажет ететін сала. Мас жүргізушінің көлік құралын басқаруы – кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Мұндай деректердің қатаң түрде жолы кесіледі. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында мұндай әрекеттерді ақтауға болмайды, – деді Алматы қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Тексеру барысында жүргізуші жолаушы тасымалымен айналысып жүргеніне бір апта ғана болғаны анықталған.
Алматы полициясы балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын ескеруге, соның ішінде жүргізушілерді жолға шығар алдында тексеріп, автобустардың техникалық жағдайын қадағалауға әрі ұстанған бағытты сақтауға шақырады.
Бұған дейін, ЖИ адамдардың сөзіндегі қарама-қайшылықты анықтап, тергеушілерге көмектесетіні хабарланған.