Жаңалықтар

Дауыл салдарынан Павлодар облысында үш қала мен бірқатар ауданда ТЖ жарияланды

Дауыл салдарынан Павлодар облысында үш қала мен бірқатар ауданда ТЖ жарияланды/Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия дауыл салдарынан облыстың Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл, Павлодар, Май аудандарында ТЖ режимі жарияланатынын хабарлады.

Әкімдік таратқан ақпаратқа қарағанда жергілікті атқарушы органдар өңірдің бірқатар елді мекендерінде соққан дауыл салдарынан келген залалды бағалау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Комиссиялар залал келтірілген орындарға барып, зардап шеккен азаматтардан өтініштер қабылдауды жүзеге асыруда.

«Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыстың үш қаласында және бірқатар ауданында ТЖ режимі жарияланады. 20-30 маусым аралығында апаттың салдарын жою бойынша өтініштер қабылданатын болады. Павлодарда өтінімдер келесі телефон нөмірлері арқылы қабылданады: 109, 112, 32-36-92», – делінген ақпараттық хабарламада.

Дауылдан зардап шеккен жеке үйлердің тұрғындарына 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көзделген.

Төлемді алу үшін төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:

  • ТЖБ анықтамасы (6 ай бойы жарамды);
  • мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
  • банктік шоттың болуы туралы хабарлама;
  • жеке куәлік (көшірмесі және түпнұсқасы).

Құжаттарды тапсырып, қажетті кеңестерді төмендегі мекен-жайлар бойынша алуға болады:

Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25 — Оpen Pavlodar фронт-кеңсесі, №3 үстел;

Ақсу қаласы – Пушкин көшесі, 70/2;

Екібастұз қаласы – Энергетиктер көшесі, 62 тел: 34-77-04, 87757100291(WhatsApp);

Баянауыл ауданы – Баянауыл ауылы, Қ. Сәтбаев, 45. Азаматтарды қабылдау орталығы, тел: 87779393500, 87712168242, 87184091203;

Павлодар ауданы – Қайырбаев көшесі, 32., тел. 87051527967, 32-20-89;

Май ауданы – Көктөбе ауылы, Абылайхан көшесі, 34, 87473708518.

Кеше Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауыл тұрып, инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірген. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша, 16 адам зардап шеккен, оның ішінде үш бала. Ақсуда 1968 жылы туған тұрғыны қайтыс болған.

Бұған дейін, қатты жел мен найзағай салдарынан Семейден ұшып шыққан ұшақ Астанаға қона алмаған.