Жаңа көлік қайда арзан: Қазақстан мен АҚШ-ты салыстырамыз

АҚШ-та жаңа көліктің орташа бағасы 48 мың долларға (шамамен 24,9 млн теңге) жетті. Бұл Қазақстандағыдан 9 млн теңгеге жоғары. Қазақстан автобизнес қауымдастығының (ҚАҚ) мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында елде жаңа автокөлік сатып алуға кеткен орташа сома 15,9 млн теңгені құраған. Осы ретте Курсив Авто АҚШ пен Қазақстандағы ең арзан модельдердің бағасын салыстырып көрді
АҚШ пен Қазақстандағы ең арзан көліктер
Visual Capitalist деректеріне сәйкес, АҚШ-тағы 20 мың долларға дейінгі көліктер саны онға да жетпейді. Ең арзан модельдер – Mitsubishi Mirage пен Nissan Versa, олар америкалықтарға 18 мың және 18,4 мың доллардан сатылады (шамамен 9,35–9,52 млн теңге). Бұл модельдер Қазақстанда сирек кездеседі, тек арнайы тапсырыспен әкелуге болады.
Қазақстанда Kolesa.kz порталына сәйкес, ең қолжетімді көліктер қатарында Lada Granta (6 млн теңгеден), Changan Alsvin (6,7 млн-нан) және Chevrolet Cobalt (7 млн теңгеден) бар. Яғни Қазақстандағы ең арзан көлік АҚШ-тағы ең арзандарынан небәрі 3,3 млн теңгеге арзан.
АҚШ-тағы ең арзан 10 көлік (2025)
Visual Capitalist рейтингінде тек шағын көліктер көш бастады. Қазіргі валюта бағамы бойынша бағалары төмендегідей (төменнен жоғары қарай):
- Mitsubishi Mirage (2024) – $18 000 (9,35 млн тг)
- Nissan Versa (2025) – $18 400 (9,52 млн тг)
- Mitsubishi Mirage G4 (2024) – $19 100 (9,9 млн тг)
- Nissan Sentra (2025) – $22 700 (11,8 млн тг)
- Kia K4 (2025) – $23 200 (12 млн тг)
- Hyundai Elantra (2025) – $23 300 (12,1 млн тг)
- Toyota Corolla (2025) – $23 500 (12,2 млн тг)
- Volkswagen Jetta (2025) – $23 700 (12,3 млн тг)
- Mazda 3 (2025) – $25 200 (13 млн тг)
- Honda Civic (2025) – $25 400 (13,2 млн тг)
Рейтинг авторлары Mirage пен Versa-ның арзан болуын олардың минималды жиынтығымен түсіндіреді. Car and Driver журналының бағалауынша, бұл модельдер 10 ұпайдан 3 ұпайдан аз алған — интерьері қарапайым, жүріс динамикасы әлсіз. Дегенмен Қазақстандағы Granta мен Cobalt та базалық нұсқаларында дәл осындай қарапайымдылығымен ерекшеленеді.
Екі елде де сатылатын модельдер қанша тұрады
Аталған рейтингтегі модельдер арасынан Қазақстанда ресми түрде Hyundai Elantra мен Toyota Corolla ұсынылған. Сонымен қатар Honda Civic көлігінің алдыңғы буыны (әсіресе 9-шы) ескі жеткізілімдерден қалған екінші нарықта кездеседі.
Қазақстандағы ресми бағалар:
- Hyundai Elantra (2024–2025): базалық Start комплектациясы Алматыда 10,7 млн теңгеден басталады (шамамен $21 мың). Бұл АҚШ-тағы ең төменгі бағадан жоғары, бірақ әлі де қолжетімді седан санатында. АҚШ-та Elantra 1,4 млн теңгеге қымбатырақ.
- Toyota Corolla (2025): базалық жинағы шамамен 13,9 млн теңге. Яғни Қазақстанда бұл седан АҚШ-тан 1,7 млн теңгеге қымбат.
- Honda Civic: Қазақстанда 11-буынның жаңа модельдері жоқ, бірақ 2022 жылғы 9-шы Civic көліктері екінші нарықта 12–14 млн теңге аралығында сатылып жатыр. Бұл АҚШ-тағы жаңа, бірақ жүрілмеген нұсқалармен салыстырмалы.
Түйін
Қазақстанда жаңа көліктің орташа бағасы АҚШ-пен салыстырғанда 9 млн теңгеге төмен. Алайда ең арзан модельдер бойынша айырмашылық бар-жоғы 3,3 млн теңгені құрайды.
Hyundai Elantra Қазақстанда сәл арзан, ал Toyota Corolla керісінше, АҚШ-пен салыстырғанда қымбат.
АҚШ-тағы ең арзан көліктердің көбі Қазақстан нарығында ұсынылмаса да, кейбір модельдерді жеке жеткізушілер арқылы алдыруға болады. Дегенмен тасымал, кедендік рәсімдеу, утилизациялық алым және комиссияларды ескергенде көлік бағасы $8–12 мыңға дейін қымбаттауы мүмкін.
Бұған дейін мамырдағы автонарық көшбасшыларына шолу жасап, бағасы 9 млн-нан басталатын Toyota-ның бюджеттік кроссовері Қазақстан хабарландыру сайтында сатыла бастағанын жазғанбыз.