Қазақстан мен Ресей АЭС салу жөніндегі жол картасына қол қойды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Милош Муратовский

Қазақстан мен Ресей АЭС салу жобасы бойынша жол картасына қол қойды. Бұл туралы «РИА Новости» агенттігі хабарлайды.

Құжатқа «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев пен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қол қойған. Рәсім 20 маусым күні Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында өтті.

Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген.

Сондай-ақ «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС («ҚАЭС») мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылған.

Бұған дейін Қазақстан өзінің алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциум жетекшісі ретінде «Росатомды» таңдаған болатын. Алғашқы АЭС құрылысы 2036 жылы аяқталуы керек.

Ресей Қазақстанға ВВЭР-1200 ядролық реакторын ұсынып отыр. Мұндай энергоблоктар қазір Ресей, Беларусь және Қытайда жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Түркия, Мысыр, Қытай, Бангладеш және Венгрияда салынып жатыр.

Қазақстан екінші АЭС-ті Қытай компаниясына салдырмақ. Әзірге ол қай жерде салынатыны белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз