«ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы ең қымбат компанияға айналды

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) Қазақстандағы ең қымбат компанияға айналды. Оның нарықтық құны жыл басынан бері 16,5% өсіп, 19,7 млрд доллдарды құраған.
Жеке инвесторлар қауымдастығының (QAMS) мәліметінше, ҚМГ-дан кейін Kaspi.kz орналасқан. 2024 жылдың соңында елдегі ең қымбат компания Kaspi.kz еді. Алайда жыл басынан бері «ҚазмұнайГаз» акцияларының құны артып, бірінші орынға шықты. Қазір Kaspi.kz нарықтық құны 16,6 млрд долларға тең.
Сонымен қатар ең қымбат компаниялар төрттігіне «Қазатомөнеркәсіп» (11,2 млрд доллар) және Halyk Bank (6,5 млрд доллар) кіреді. Жыл басынан бері «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 11,7%-ға, ал Halyk Bank акциялары 15%-ға қымбаттаған.
Сондай-ақ QAMS сарапшыларының айтуынша, Банк ЦентрКредиттің (БЦК) акциялары да жыл басынан бері қатты қымбаттаған. Қазір банктің акцияларының жалпы құны 1,1 млрд доллар болып, Kcell мобильді операторына (1,3 млрд доллар) жақындап қалды.
«ҚазМұнайГаз» – ұлттық энергетика алпауыты. 2022 жылы 2 858 млн доллар пайда тапқан компания, 2023 жылы бірден 2 031 млн долларға дейін құлдыраған. Бұл – табыстың үштен бірін жоғалту деген сөз. Бірақ 2024 жылы жағдай өзгере бастаған: таза табыс 2 332 млн долларға дейін өсіп отыр.