Қазақстандағы шынайы кедейлік деңгейі қандай?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы кедейлікті есептеу көрсеткіші мен Дүниежүзілік банктің көрсеткіші өзара сәйкес келмейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, күнкөріс деңгейінен төмен межеде өмір сүретін халық үлесі 5,4%-ды құрайды. Ал Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстандағы кедейлік деңгейі 8,5%-ға тең. Халықаралық ұйым мамандары мұның Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің бағалау әдістемесіне байланысты болып отырғанын айтады .

«Дүниежүзілік банк әр жанды есептейді. Яғни бір үй шаруашылығының табысын сол үйдегі жан басына бөлеміз. Егер үй шаруашылығының табысы 100 мың болса және ол үйде екі адам тұрса, әр жанға елу мыңнан деп бөлеміз. Қазақстан жан басын емес эквивалентті есептейді. Бірінші адамды бір бірлік дейді де, қалғандарын 0,8 деп қарастырады», – деп түсіндірді Дүниежүзілік банктің кедейлік мәселелері жөніндегі аға экономисті Метин Небилер.

Алты адамнан тұратын, табысы 600 мың болатын отбасының әлеуетін бағалағанда, Дүниежүзілік банк әр адамның табысы 100 мың теңге деп қарастырады. Жалпы үй шаруашылығының табысын алтыға бөледі. Ал Қазақстан әдістемесі бойынша, адам басына 120 мың теңге табыс келеді.

Қазақстандағы ең кедей өңір қандай?

Дүниежүзілік банктің зерттеуінше, Қазақстан табыс деңгейі ортадан төмен елдер санатынан табыс деңгейі ортадан жоғары мемлекеттер тобына өтті. Бұған нарықтық реформалар, тікелей шетелдік инвестициялар әсер еткен. Жинақ зейнетақысы, балалар жәрдемақысы және мемлекеттік жәрдемақылар да кедейлік деңгейін төмендетуге өз әсерін тигізеді.

Бірақ 2014 жылдан кейін экономикалық өсім баяулап, өндіріс төмендей бастады. Өңірлер арасындағы табыс теңсіздігі алыстай түсті, кедейлік деңгейі сақталып қалды. Бұл, әсіресе, Түркістан облысының ауылдарында байқалған. Пандемия бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түсті деп жазады халықаралық мамандар. Салық-бюджет бағдарламасының тиімсіздігі де кедейлікпен күресте айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ.

«Қазақстан әлеуметтік көмекке ЖІӨ-нің 2,8%-ын жұмсайды, ал табыс деңгейі жағынан Қазақстанға ұқсас елдер ЖІӨ-нің тек 1,8%-ын ғана арнайды. Бірақ Қазақстанның әлеуметтік көмек жүйесі өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай тиімді емес», – деп жазылған Дүниежүзілік банк есебінде. Әсіресе, қосылған құн салығы кедейлікке ерекше теріс әсер етеді (3,5 пайыз пункт).

Кедейлікті қалай жеңуге болады?

Дүниежүзілік банк мамандары елдегі кедейлікпен күресте тиімді болатын ұсыныстарын айтады. Біріншісі, білім сапасын арттыру. Сарапшылардың атап өтуінше, елде білім алу тегін болғанына қарамастан, оның сапасына қатысты сұрақ көп. Адами капитал индексінің бағалауынша, Қазақстандағы балалардың 53-64 пайызы ғана өз қабілетін толық пайдалана алады.

«Ауыл мен қала, табысы әртүрлі үй шаруашылығындағы білім айырмашылығын азайту арқылы саясаткерлер барлық балалар үшін ортақ жағдай жасайды. Олар білім деңгейі төмен аймақтарда оқу, жазу, есептеу қабілетін арттыру бойынша тұтас бағдарламаны іске қоса алады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мақсатты және тұрақты шаралар елдің адами капиталының сапасын арттыруда ғажап жетістіктерге әкеледі», – деп жазылған халықаралық банктің есебінде.

Сарапшылар елдің салық-бюджетін саясатын жетілдіруді, климаттық жағдайды тұрақтандыру қоғамдағы кедейлік мәселесін шешіп, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге көмектесе алады деп атап өтеді .

Еске салайық, таяуда Дүниежүзілік банк кедейлік шегін қайта бекітті. Енді жаңа меже бойынша, тәулігіне үш долларға, ал айына 46 мың теңгеге өмір сүретін халық кедейлікте өмір сүреді деп есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз