Ресей Өзбекстанда екі АЭС салады

Ресей Өзбекстанда қуаты 2 ГВт болатын үлкен АЭС және 110 МВТ қуаттағы шағын атом станция салады. Қазір Өзбекстан мен Ресей атом станциясы құрылысының экономикалық параметрлерін талқылап жатыр. Бұл жайлы Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак мәлімдеді.
«Бүгін нақты экономикалық параметрлерді талқылау жүріп жатыр. Бұл 1000 МВт-тық екі ірі энергоблок және 55 МВт-тан екі шағын блок болады. Біз алғаш рет Өзбекстанда шағын қуатты атом электр станциясын іске асыратын боламыз», – деп мәлімдеді ол.
Оның атап өтуінше, Өзбекстандағы АЭС-тің бірінші шағын блогын іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланған. Қазір «Росатом» Якутияда дәл осындай жобамен айналысып жатыр, бірақ оны іске қосу мерзімі 2028 жылдан 2030 жылға қарай шегерілді.
Шара кезінде Александр Новак Ресейді таңдағаны үшін Өзбекстанның вице-премьері Жамшид Ходжаевқа алғыс айтты.
«Узатом» мен «Росатом» 2024 жылдың мамырында алты реактордан тұратын шағын АЭС салу туралы келісімге қол қойған.
Айта кетейік «Росатом» Қазақстандағы тұңғыш АЭС-ті салу құқығын иеленді. Петебургтегі жиында Қазақстан мен Ресей АЭС салу жобасы бойынша жол картасына қол қойды.