Lifestyle

Apple, Facebook және Google-дың 16 млрд мәліметі қолды болды – не істеу керек

Хакерлер ұралған 16 млрд дерек қара базарда сатылып жатыр / фото: REUTERS
Хакерлер ұралған 16 млрд дерек қара базарда сатылып жатыр / фото: REUTERS

Facebook, Telegram секілді танымал сервистердің, сонымен бірге Apple, Google және басқа да ресурстар аккаунттарының 16 млрд логині мен құпиясөзі қолды болды. Бұл туралы Forbes киберсарапшылар мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Мәліметтерді хакерлер тобы ұрлаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?

Басылымның мәліметінше, тіркеу деректері қара базарда саудаланып жатуы мүмкін. Қазірдің өзінде 30 база бары анықталған. Олардың әрқайсысы бірнеше миллионнан 3,5 млрд деректі жариялап үлгерген.

Мамандар жағдайдың өте қауіпті екенін ескертіп отыр. Сол себепті қолданушыларға құпиясөз ауыстыруға, қос факторлы идентификацияға тезірек өтуге кеңес берді.

«Құпиясөзіңіз жарияланып кеткенін күтіп отырмаңыз — аккаунтыңыздың қауіпсіздігімен дәл қазір айналысыңыз», – деп жазды Forbes.

Маңызды үш кеңес:

  • Өзіңіз қолданатын сервистердегі құпиясөздің бәрін ауыстырыңыз. Әсіресе, олар қарапайым немесе барлық жерде қайталанатын болса, оны бірден өзгерткен жөн.
  • Барлық жерге қос факторлы аутентификация (2FA) орнатыңыз.
  • Өте күрделі әрі қайталанбайтын құпиясөз жасау үшін құпиясөз менеджерін (Google Password Manager, KeePass) қолданыңыз.

Дерегіңіз жарияланып кеткеніне көзіңіз жетпесе де, сақтық үшін ең маңызды аккаунттардағы құпиясөзді ауыстыра салған жөн. Оның үстіне, мамандар оны 6-12 айда өзгертіп отыруға кеңес береді. Сол кезде сіздің аккаунттарыңызға ешкім бұзып кіре алмайды.