Lifestyle

Қоянбаев тіл мәселесін шешудің ең оңай жолын ұсынды

Нұрлан Қоянбаев тіл мәселесін шешудің ең оңай жолын ұсынды / скриншот: youtube.com
Нұрлан Қоянбаев тіл мәселесін шешудің ең оңай жолын ұсынды / скриншот: youtube.com

Қазақстандық продюсер, тележүргізуші және актер Нұрлан Қоянбаев тіл мәселесін шешудің ең оңай жолын ұсынды. Танымал әзілкеш Зamandas подкастына қонаққа барды.

Шамамен 2 жарым сағатқа созылған еркін әңгіме барысында қазақ әзілі, киносы, өмір салты туралы айтылды. Қазақ тілі мәселесіне айтарлықтай көп көңіл бөлінді.

«Қазақ тілді парақшаларға жарнама беру трендке айналу керек. Өз елімде, өз аудиторияма жұмыс істеп келе жатқанына біраз жыл болды. Біздің жағдай өте қиын еді: қазақ киносы алынбады, телеарналарда қазақша бағдарламалар аз көрсетілді. Соның бәрінен үндемей өттік.

Тіл мәселесін шешу үшін бір ғана нәрсе айтайын: бәріміз қазақ тілін үйренуіміз керек. Болды. Мәселе сол кезде шешіледі. Әркім ана тілін, қазақ тілін үйренгім келеді деген мақсат қоюы керек», – деп есептейді Қоянбаев.

Оның пікірінше, елде тұратын барлық азамат осы мәселе үшін сөз таластырмай, қазақ тілін жаттап ала салғаны дұрыс. Тіл үйренуден ешкім ұтылған емес дейді актер.

«Түнгі студияда» 12 жыл жүрдім. Қазақ тіліндегі бағдарламаның рейтингін 9,3-ке дейін жеткіздім. Қазақтың бағдарламасы, командасы, киносы төрде болуы керек», – деп түйіндеді әңгімесін тележүргізуші.

Нурлан Коянбаев: Легенда казахской комедии / Зamandas

Нұрлан Қоянбаев көпшілікке «Қазақтар» және «Astana.kz КВН командаларының капитаны ретінде танымал. Ол ұзақ уақыт бойы Qazaqstan мемлекеттік телеарнасында «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» телешоуын жүргізді.

Бұған қоса, Қоянбаев комедия жанрында бірнеше фильм түсірді. «Қазақша бизнес Америкада», «Қазақша бизнес Африка», «Қазақстан бизнес Кореяда» және «Таиландтағы демалыс» фильмдері үлкен экрандарда көрсетілді.

Нұрлан осы комедияларға продюсерлік етіп қана қоймай, басты рөлді де өзі сомдаған. Сонымен бірге, танымал актер «Үзілмес үміт» телесериалына түскен. Ол «Kazteleproduct» кинокомпаниясының негізін қалаған.