Шаршау мен апатияның айырмашылығы неде

Жарияланды
Шаршау мен апатияның айырмашылығы неде/ Фото: shutterstock

Кейде қанша жерден күшіңіз жетіп тұрса да, көңіл қалауыңыз тартпайтын кездер болады. Бір рет солай болады, екінші рет солай болады. Сөйтіп біртіндеп мұның себебі жайлы ойлана бастайсыз. Көп жұмыс істеп қажып кеткеннен бе, әлде кері тартып, тынықсаң да кетпей қоятын апатия басталды ма? Бұл екі сезім мен күй өте ұқсайды. Сондықтан көбі шатастырады. Бірақ екеуінің айырмашылығы бар. Қатты шаршаған адам жақсылап демалса, қалыпқа келе қалады. Ал енді апатияға ұласқан болса, онда демалыстан пайда жоқ. Ол кезде психикалық-эмоциялық жай-күйіңізді жақсартуға күш салу керек. Бүгінгі материалымызда шаршау мен апатияның ара-жігін қалай ажыратуға болатыны туралы айтамыз. Оған қоса, оның неге пайда болатынын және қалыпқа келу үшін не істеу керегін де сөз етеміз.

Шаршау мен апатияны неге шатастырады?

Бір қарағанда екеуі қатты ұқсайтындай көрінеді. Өйткені екі күйде де адам шаршап, құр жата бергісі келеді. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, істеп жүрген ісінен де жерініп кетеді. Бірақ екеуінің түптамыры бөлек.
Шаршаған кезде ми мен тән шектен тыс қажығанға реакция білдіреді. Яғни «Сен көп жұмыс істеп кеттің. Демал» деп  тұрады.
Апатияда іштей қарсылық болады. «Маған ештеңе керек емес» деп тұрады. Мұндайда адамның жанары солып, қанша демалса да әсер етпейді.

Қандай күйде екеніңізді қалай білуге болады?

Ол үшін өзіңізге мына сұрақтарды қойып көріңіз:

  • Дәл қазір не сезіп тұрмын? (Егер іштей бәрі бос болып қаңырап, «ештеңе» десеңіз, демек мәселе қиындау деген сөз)
  • Бірдеңе істегім келе ме? Маған қызық бірдеңе бар ма?
  • Энергия құйылып кететін кездер бола ма?
  • Демалыс, серуен, біреуден әңгімелескен жақсы әсер ете ме?

Егер тынығып алған соң аздап болсын жеңілдесеңіз, онда сіз шаршап жүрген болуыңыз мүмкін. Ал енді демалыстан әсер болмаса, ештеңеге қуана алмасаңыз, бұрын ұнаған істермен айналыссаңыз да көңіліңіз көтерілмесе, онда бұл апатия болуы әбден мүмкін.

Шаршаудан кейін қалыпқа қалай келуге болады?

Шаршау деген —сигнал. Бәсеңдеп, қарқынды азайту керек дегенді білдіреді. Мұндайда мына нәрселер көмектесе алады:

  • Өзіңізді кінәлі сезінбей, жай ғана демалыңыз. «Бос жатырмын» деп өзіңізді езе бермей, тынығып алыңыз. Сізге дәл қазір керек дүние — осы.
  • Ұйқыңызды қандырыңыз. Ұзақ уақыттан бері ұйқы қанбай жүрсе, адамның көңілі құлазып, мотивациясы жоғалады.
  • Визуал шуды азайтыңыз. Әлеуметтік желі, жаңалықтар лентасы, телефонға келетін хабарлама дегендерді өшіріңіз. Одан ми қатты шаршайды.
  • Өмірге өзгеріс енгізіңіз. Түбегейлі жаңартпасаңыз да, бұрын жүрмеген жерлермен серуендеңіз. Сонда «автопилот» режимнен шығып, миыңызды сергітесіз.
  • Физикалық белсенділік жақсы. Қатты ауыр емес спорт түрінен айналысыңыз. Кемінде денені созатын, йога, жүзу, жүру секілді спортты қосыңыз.

Апатия кезінде не істеу керек?

Апатия — шаршау емес. Бұл кезде жағдай әлдеқайда қиындау. Сіз әбден түтіліп қалған болуыңыз мүмкін.

  • Кезінде қатты ұнаған нәрселердің өзіне қуана алмайсыз;
  • Қимылдауды қоя бергенде ойланғыңыз да келмейді;
  • Өзіңізді іштей қаңырап қалғандай сезінесіз, өзіңізді жоғалтып алғандайсыз;
  • Әлденеге тым сезімтал болып кеттіңіз, болмаса керісінше ештеңені сезбейтін болып кеткенсіз.

Мұндайда не көмектеседі?

  • Режимді дұрыстаңыз. Ең абзалы — осы режимді реттеуден бастау керек. Күніңізде тәртіп болса, ол бағдар алуға көмектеседі.
  • Кішігірім қадамдар жасаңыз. Бір ғана қарапайым әрекетті істеуге фокус қойыңыз. Шаш жуу, шай ішу, терезені ашу дегендей қадамдарды саналы түрде жасаңыз.
  • Денеге керек әрекеттер жасаңыз. Душқа түсіңіз. Апатия кезінде тіпті суға түскіңіз келмеуі мүмкін. Бірақ қаламасаңыз да, істеңіз. Ол психикаға жақсы әсер етеді.
  • Психотерапия. Апатияның астарында депрессия, әбден жиналған күйзеліс не гормон бұзылған деген мәселелер жатуы мүмкін. Маманға барып көмек сұрағанда тұрған ештеңе жоқ.

Мәселе тіпті басқада болып шықса ше?

Кейде «істегім келмейді» деген күй мүлдем басқа себептен болуы мүмкін. Мәселен:

  • Жасырын мазасыздық. Сіз шаршаған жоқсыз. Жай ғана сәтсіз шықса қайтемін деп қорқасыз. Сондықтан қашқақтайсыз.
  • Прокрастинация. Мінсіз істемейтін болсам, онда оны бастап не керек деп ойлайсыз.
  • Эмоциялық қарсылық. Жылдар бойы қалауыңызды емес, істеу керек болған соң жасап жүрген болсаңыз, миыңыз уақыт өте келе осылай буырқанып, қарсы шыға бастайды.

Елемей жүре беруге болмайды

Бойыңызда «істей аламын. Бірақ істегім келмейді» деген күй тұрса, мұны жай еркелік деп қабылдап қоя салмаңыз. Ішкі үніңізге құлақ асыңыз. Тәніңіздің айтпағы не? Жүрек не деп жатыр? Бәлкім, ұйқы қандыру керек болар. Болмаса, жалпы жүйені реттеу қажет шығар. Апатияға әлсіздер ғана түспейді. Мұны жай ғана жанның үні деп қабылдап, өзіңізге өзіңіз көмектесіңіз.

Естеріңізде болса, бұған дейін адамдар неге дұрыс тыныға алмайтынының себебін талдаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз