Қарапайым да сенімді: 2025 жылғы ең арзан көліктер тізімі

Жарияланды
АҚШ-тағы ең арзан 10 модель / Фото: mitsubishicars.com

2025 жылы АҚШ-та жаңа көліктің орташа бағасы 48 000 долларға жетті. Бұл тарихи максимум және соңғы жылдары автокөлік бағасының қаншалықты қарқынды өсіп жатқанын айғақтайтын көрсеткіш. Мұндай өсімнің себептері — жаһандық инфляция, микрочиптердің жетіспеушілігі, логистика құнының артуы, жаңа технологиялардың енгізілуі және экологиялық талаптардың күшеюі. Алайда нарықтағы осындай баға өсіміне қарамастан, шектеулі бюджетпен де жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік беретін бірнеше үлгі бар.

Visual Capitalist порталы Car and Driver және Moneygeek деректеріне сүйене отырып, АҚШ-тағы 2025 жылғы ең арзан жаңа көліктер рейтингін жариялады. Бұл тізімдегі барлық көліктердің бағасы 26 000 доллардан (12 350 000 теңге) төмен, яғни орташа нарық бағасынан 1,8 есе арзан.

2025 жылғы ең арзан жаңа көліктер ондығы

Рейтингтегі ең арзан темір тұлпар

Mitsubishi Mirage 2024 – Жапонияда шығарылатын шағын хэтчбек. Орташа жанармай шығыны 10 шақырымға 5,5 литр. Жабдықталуы қарапайым, қозғалтқыш қуаты – 78 а.к. Бұл қалада жүруге өте ыңғайлы, бірақ трассада аса жайлы емес авто. Дегенмен бұл АҚШ нарығындағы 20 000 доллардан арзан сатылатын санаулы жаңа көліктердің бірі. Оның бағасы 18 015 доллар, бұл шамамен 9,35 млн теңге.

18 мың доллар тұратын авто

Nissan Versa 2025 – Mirage-ға қарағанда аздап қымбат, бірақ интерьері заманауи, Nissan Safety Shield қауіпсіздік жүйесі және кең жүксалғышымен ерекшеленеді. Бұл модель такси, жеткізу қызметтері үшін жиі таңдалады. Оның бағасы 18 330 долларды құрайды, яғни 9,5 млн теңге шамасында.

Mirage-дың седан нұсқасы

Mitsubishi Mirage G4 – Mirage-дың седан нұсқасы. Қосымша жүксалғышымен ерекшеленеді. Қозғалтқышы сол баяғы қарапайым, бірақ пайдалану және қызмет көрсету шығындары өте төмен. Оның құны 19 115 доллар, бұл теңгемен есептегенде шамамен 9,9 млн теңге болады.

Жапондық ықшам көлік

Nissan Sentra 2025 – көлемі жағынан сәл үлкендеу, 149 а.к. бар қозғалтқышпен жабдықталған модель. Базалық жинақтамасында сенсорлы экран, адаптивті круиз-бақылау, жолақта ұстау жүйесі бар. Бағасы мен мүмкіндігі жағынан ең оңтайлы таңдау. Оның бағасы 22 730 доллар немесе шамамен 11,8 млн теңге.

KIA Forte орнына келген жаңа модель

KIA K4 2025 – KIA Forte орнына келген жаңа модель. Заманауи дизайны, сапалы құрастырылғанымен және кең мультимедиа жүйесімен ерекшеленеді. Жүргізушіге көмек көрсететін жүйелер де бар. KIA K4 моделінің де бағасы осы диапазонда – 23 165 доллар, яғни шамамен 12 млн теңге.

Ең танымал седандардың бірі

Hyundai Elantra 2025 –интерьері кең әрі заманауи, Apple CarPlay жүйесімен, үнемді қозғалтқышымен және сенімділігімен ерекшеленеді. Hyundai мен KIA АҚШ-та сапа мен бағаның тамаша тепе-теңдігін ұсынып отыр. АҚШ-та ол 23 320 долларға сатылуда, бұл 12,1 млн теңге шамасында.

Әлемдегі ең сенімді үлгілердің бірі

Toyota Corolla 2025 – заманауи дизайны, қолжетімді гибрид нұсқалары және ұзақ мерзімді құнының сақталуы оны тиімді инвестицияға айналдырады. Бұл темір тұлпардың АҚШ-тағы құны 23 460 доллар, яғни 12,16 млн теңге шамасында.

Тізімдегі жалғыз еуропалық модель

Volkswagen Jetta 2025 – неміс сапасы, минималистік стиль және кең салон. Jetta – ересек, классикалық седан іздегендер үшін тамаша таңдау. Оның бағасы 23 720 доллар, бұл шамамен 12,3 млн теңге.

Премиум сегментке жақын бюджет класындағы көлік

Mazda 3 2025 – көлік тізгінінде сезілетін жайлылық және сенімділік жағынан үздік модель. Интерьері өте сапалы. Кемшілігі – салонының бәсекелестерге қарағанда сәл тарлығы. Бағасы 25 135 доллар, яғни 13,04 млн теңге шамасында.

Қалалық өмірге де, трассаға да бейімделген «ақылды» седан

Honda Civic 2025 – көп жылдар бойы қолжетімді және жайлы автолардың эталоны болды. Бағасы көтерілгенімен, технология, басқару және сенімділік жағынан әлі де үздік. Қазіргі Civic – шағын бизнес-класс деуге болады. Бұл көлік 25 400 доллар тұрады, бұл шамамен 13,18 млн теңге болады.

Эконом-класс нарығында Жапония көш бастап тұр

Осы ондыққа кірген көліктердің арасында:

  • 7-еуі жапон брендтері (Mitsubishi, Nissan, Toyota, Mazda, Honda),
  • 2-еуі корейлік (Hyundai, KIA),
  • 1-еуі неміс (Volkswagen).

Бұл жапон автоконцерндерінің қолжетімді көліктер нарығындағы басымдығын тағы бір рет дәлелдейді: олар сенімділік, үнемділік және әділетті баға ұсынады.

Жаңа көліктер неге қымбаттап кетті?

АҚШ-тағы жаңа көліктің орташа бағасы – 48 000 доллар тұрады. Бұған мынадай факторлар әсер етеді:

  • Электрлендіру. Электромобильдер батарея мен технологияға байланысты қымбатырақ.
  • Инфляция мен логистика. Шикізат, жеткізу және тасымал шығындарының өсуі.
  • Қауіпсіздік және экология стандарттары. Қосымша қауіпсіздік жүйелерін орнату қажеттілігі.
  • Премиумға бағытталған өндіріс. Өндірушілер көбірек табыс түсіретін қымбат модельдерге көбірек көңіл бөлуде.

Неліктен арзан көліктерді қарастыру қажет?

Бұл модельдер несімен танымал?

Бірінші, жанармай шығыны жағынан тиімді. Барлық үлгілер 5–7 л/100 км аралығында жанармай шығындайды.
Екінші, салық пен сақтандыру ақысы төмен. Бағасы төмен – төлемдері де төмен.
Үшінші, құрылымы қарапайым – жөндеу оңай. Қызмет көрсету арзанырақ.
Төртінші, қала үшін мінсіз. Шағын габарит, тұраққа оңай қою.

Автокөлік нарығы барған сайын қымбаттап келеді. Дегенмен бағасы тиімді жаңа модельдер әлі де бар. Mitsubishi Mirage, Nissan Versa және басқа да бюджеттік седандар – қарапайым, сенімді, тиімді көлік іздегендер үшін керемет шешім. Несиеге қымбат көлік алғанша, осындай модельдерге назар аударуға болады.

Осыған дейін 2025 жылғы үздік жол талғамайтын көліктері туралы шолу жазған едік. Олардың тізімін жасап, артықшылықтары мен кемшіліктерін сараладық.

Сондай-ақ оқыңыз