Жаңалықтар

Кәсіпкер Алагөзовтен пәтер алғандар алғаш рет жаңа баспанаға кірді

«Maxi Чай» шығаратын компания басшысы Тұрсынғали Алагөзовтен пәтер алғандар баспанамен танысты / коллаж: Kursiv.Media
«Maxi Чай» шығаратын компания басшысы Тұрсынғали Алагөзовтен пәтер алғандар баспанамен танысты / коллаж: Kursiv.Media

Galanz Bottlers («Maxi Чай» брендінің иесі) компаниясының басшысы Тұрсынғали Алагөзов мамырдың аяғында қарамағындағы қызметкерлерге жүз пәтер сыйлаған. Жаңа баспана иелері алғаш рет табалдырықтан аттады. Бұл туралы кәсіпкердің әйелі, продюсер Баян Алагөзова Instagram-ға жазды.

«Бүгін Galanz Bottlers қызметкерлері күйеуім сыйлаған жаңа пәтерлерге алғаш рет кірді! Мен олардың әрқайсының қуанышына ортақпын», – деп жазды Баян Алагөзова.

Оның айтуынша, 20 маусымда компанияның 30 қызметкері пәтер кілтін алды. Қалғандары жаңа баспана құрылысының аяқталғанын күтеді.

Әлеуметтік желіге жарияланған видеолар мен суреттерден түсінгеніміз, пәтерлердің бәрінің есігі бірдей, нөмірі ғана басқа. Соған қарағанда, жаңа баспанаға ие болған қызметкерлердің бәрі көрші тұрады.

Пәтердің өзі де видеоға түсіп қалды. Кең бөлмелердің қабырғасына әлі сылақ түсіп үлгермеген. Қанша бөлме екенін де түсіну қиын.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы мамырдың аяғында Тұрсынғали Алагөзов қарамағындағы 100 қызметкерге жаңа пәтер сыйлаған. Кәсіпкердің осы әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, миллионерлер пәтер сыйлаудан жарысып жатқандай әсер қалдырған. Кейін Баян Мақсатқызы күйеуінің көпшіліктің ыстық ықыласынан «әлі есеңгіреп жүргенін» айтқан.

Galanz Bottlers 1998 жылы құрылған. Компания «Maxi Чай», Daily Fresh, Garden, Sevens, «Первоквас», Happy және Lime Time брендтерімен алкогольсіз сусын өндіреді. Бұған қоса, Galanz Bottlers мұздатқыш пен пластик бөтелке дайындайтын құрылғы шығарады.

2024 жылы компания Шымкент сыра зауытын сатып алды. Кәсіпорын 8 млрд теңгеге сатылды. Алагөзов жаңа активіне 40 млн доллар инвестиция құйып, 2026 жылы ай сайын 10 мың тоннаға дейін сыра өндіруді көздеп отыр. Биыл ақпанда кәсіпкер 11 млрд теңгеге JFood Kazakhstan-ды сатып алды. Кәсіпорын ұн мен макарон шығарады.