
Алматы қаласының тұрғындары танымал бренд заттарын жеңілдікпен сатып алу үшін тағы да кезекке тұрды. Kursiv.Media сауда орталығына ағылған жұртты не қызықтырғанын анықтап білді.
Алматы халқы арасында танымал сауда орталығы жеңілдіктер фестивалін жариялады. Сауда нүктесінің өкілдері жеңілдік 70%-ға дейін жетеді дейді. Соған байланысты алматылықтар сүйікті бренд заттарын сатып алуға асықты. Енді олар ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Куәгерлердің айтуынша, адамдар затқа таласып қалып жатыр.
«Жеңілдік» деген сөзді естіген бетте жүгіріңіз. Бүгін Zara дүкенінде мен нағыз триллердің куәсі болдым. Адамдар гуманитарлық көмек кезегінде тұрған сияқты. Әрбір ұрымтал сәтті тағатсыздана күтеді. Маркетинг деген осы. Мұндай кезде адамдар 200 теңге жеңілдікпен дамбал сатып алуға асығатын жыртқышқа айналады», — деп жазды Threads қолданушылардың бірі.

Адамның көп жиналғаны соншалық, дүкендердің кейбірі сауда залын ұлғайту мақсатында орталық дәлізіне дейін шығып кеткен. Nike, All Stars, Levi’s, Oysho және басқа да танымал брендтердің киімін арзан бағаға сатып алуға болады. Дегенмен көп жерде жеңілдік 40%-дан аспайды.
Фестиваль 19 маусымда басталған, 22 маусымда аяқталады. Адам көп болғандықтан, сауда орталығы сенбі күні түн жарымына дейін істейді.
Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанда алғашқы халықаралық аутлет–орталық салынатыны туралы жазған. Жоба Алматы облысында жүзеге асырылмақ.
Жақында мәжіліс депутаты Қарақат Әбден бренд өнімдердің көшірмесімен күресуді ұсынған.