Meta компаниясы 3K форматта видео түсіретін смарт-көзілдірік шығарды

Жарияланды 21 Маусым 2025 13:11

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Meta компаниясы шығарған ақылды көзілдірік спортшыларға арналады / фото: Meta
Meta компаниясы шығарған ақылды көзілдірік негізінен спортшыларға арналады / фото: Meta

Meta мен Oakley компаниялары 3K форматта видео түсіре алатын смарт-көзілдірік жасап шығарды. Онымен су астында да видео түсіруге болады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Oakley AI ақылды көзілдірігі көмегімен телефонмен қоңырау шалуға, қоңырау қабылдауға, музыка тыңдауға да болады. Бұған қоса, ол сурет пен видео түсіре алады. Смарт-көзілдірік Meta жасанды интеллект жүйесінің көмегімен қоршаған орта туралы сауалдарға жауап береді.

Ақылды көзілдіріктің жетілдірілген жаңа нұсқасының бағасы 399 доллардан басталып, 499 долларға дейін жетеді. Алтын жалатылған түрі де бар.

Енді оның қуаты екі есе көбейді. Су өткізбейді, яғни су астында да сапасы 3K видео түсіруге болады деген сөз.

Meta корпорациясының 2021 жылы шығарған Ray-Ban ақылды көзілдірігі сәтсіздікке ұшыраған. Бірақ 2023 жылғы нұсқасы айтарлықтай жетістікке жеткен. Meta миллиондаған көзілдірік сатқан.

Жаңа өнімді 11 шілдеден бастап алдын ала тапсырыспен алдыруға болады. Бірақ ол қымбатырақ түседі. Арзаны алдағы бірнеше айда саудаға түседі деп жоспарланған. Тұтынушылар сұранысына орай, көзілдірік линзаларын өз қалауынша ауыстыруға болады.

Meta дисплейі бар қымбатырақ ақылды көзілдірікті жыл аяғында шығаруды көздеп отыр. Ал 2027 жылы смарт-көзілдірік true augmented reality, яғни қосымша шынайы көрініс функциясына ие болады.

Apple және Amazon компаниялары да ақылды көзілдірік өнімдерін дайындаумен айналысып жүр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өнімдер технология дәуірін жаңа сатыға көтеруі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз