Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешітке барды

Нұрсұлтан Назарбаев 21 маусымда Астанадағы мешітке барды / фото: muftyat.kz
Нұрсұлтан Назарбаев 21 маусымда Астанадағы мешітке барды / фото: muftyat.kz

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 маусымда Астана қаласындағы Бас мешітке зиярат жасады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады.

«Зиярат аясында Нұрсұлтан Әбішұлы өмірден өткен әулетінің марқұмдарына құран бағыштап, ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады», – деп жазды мүфтият.

Діни басқарманың хабарлауынша, экс-президент бас мешіттің ел руханиятындағы орны мен маңызына тоқталып, имандылық пен ұлттың бірлігін нығайтудағы қызметіне сәттілік тіледі.

Мүфтияттың ресми сайтында Назарбаевтың мешітте жүргенде түсірілген бірнеше суреті жарияланды.

Мүфтият Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті суретін жариялады / фото: muftyat.kz
Мүфтият Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті суретін жариялады / фото: muftyat.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті діни кітап оқып отырған балалармен сөйлесіп, мешітке жиналған халыққа қол бұлғаған.

Нұрсұлтан Назарбаев мешіттегі балалармен сөйлеп тұр / фото: muftyat.kz
Бұрынғы президент мешіттегі балалармен сөйлеп тұр / фото: muftyat.kz

Экс-президентті мешіт қызметкерлері мен күзетшілер ертіп жүрді. Оның қасына жақындауға рұқсат жоқ. Қоршаудың арғы жағындағы халық оны суретке түсіріп тұрды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешітте / фото: muftyat.kz
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешітте / фото: muftyat.kz

6 шілдеде 85 жасқа толатын Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі уақытта көпшілік алдына көп шықпайды. Соңғы рет ол туралы мәлімет баспасөзде экс-президенттің Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен кезінде жарияланған. Бұл кездесу мамырдың аяғында өткен. Бірнеше күннен кейін Назарбаевтың Ресейге не себеппен барғаны мәлім болған.