
Исламабад АҚШ президенті Дональд Трампты Пәкістан мен Үндістанды татуластырғаны үшін Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды. Үкімет мәлімдемесі X әлеуметтік желісінде жарияланды.
«Пәкістан үкіметі президент Дональд Трампты 2026 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығына үміткерлер қатарына ұсыну туралы шешім қабылдады. Исламабад оның Үндістан-Пәкістан дағдарысы кезінде дауды дипломатиялық жолмен шешуге басшылық еткенін мойындайды», – деп жазылған мәлімдемеде.
Бұған қоса, Исламабад Құрама Штаттар президентінің аймақтағы тұрақсыздыққа себеп болып отырған Джамму мен Кашмирге қатысты дауды шешу туралы ұсыныстарын жоғары бағалады.
«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Джамму мен Кашмирге қатысты қарары орындалмайынша, Оңтүстік Азияда мызғымаз бейбітшілік орнамайды», – деп атап өтті Пәкістан үкіметі.
Сонымен бірге, Исламабад Трамп Израиль мен Иран арасындағы жанжалды, Газа секторындағы гуманитарлық қасіретті де шешеді деп үміттенеді.
2025 жылғы 7 мамырда түнде Үндістан армиясы «Синдур» операциясын бастап, Пәкістанға соққы жасады. Ядролық қаруға ие көрше екі ел арасындағы қарулы теке-тірес бірнеше күнге созылды. 10 мамырда Трамп Пәкістан мен Үндістан, Вашингтонның араласуымен, атысты доғаруға келіскенін мәлімдеді. 12 мамырда Үндістан премьері Нарендра Моди әскери операциясын аяқтады.