
Қазақстанның бірінші теннисшісі Александр Бублик Германияның Галле қаласында өтіп жатқан ірі турнирдің финалына шықты. Енді Бублик ақтық сында ресейлік Даниил Медведевпен ойнайды.
Бублик сенбі күні жартылай финалда ресейлік Карен Хачановты үш сетте жеңді. Шамамен екі сағатқа созылған тартысты матч 4:6, 7:6, 6:4 есебімен аяқталды. Бублик ойын барысында 19 мәрте эйс орындап, бір мәрте брейк жасады.
Енді Бублик финалда Ресейдің бірінші теннисшісі Даниил Медведевпен ойнайды. Отандасымыздың қарсыласы сенбі күні әлемнің үшінші теннисшісі Александр Зверевті үш сетте жеңді. Үш сағатқа созылған бұл матч 7:6, 6:7, 6:4 есебімен аяқталды.
Бублик пен Медведев арасындағы матч жексенбі, 22 маусымда Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Екі теннисші бұған дейін алты мәрте кездескен, жетеуінде де Медведев басым түскен.
Айтай кетейік, Александр Бублик төрт турнирдің жеңімпазы. 2023 жылы ол дәл осы Галле қаласындағы жарыста топ жарған. Сол кезде Бублик ресейлік теннисші Андрей Рублевты үш сетте ұтқан.
Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын Бублик әлемнің бірінші теннисшісі Янник Синнерді үш сетте жеңген. Ал жұма күні ширек финалда чех атлеті Томаш Махачты екі сетте ұтты.
Галледегі турнир ATP 500 санатындағы ірі бәсеке. Теннисшілер мұнда көгалда ойнайды.
Ал екі апта бұрын Қазақстанның бірінші теннисшісі Роланд Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жеткен.