
Ақша жинауға мүмкіндік бар. Бірақ әр нәрсені алып тастап, құрта бересіз бе? Қазір ақша шашу өте оңай. Өйткені телефонмен-ақ төлей беруге болатын, қалағаныңызды маркетплейстен табу жеңіл заман. Сол сияқты ақша жинаймын деген адамға да мүмкіндік ұшан-теңіз. Соған қарамастан ақша жинау қолыңыздан келмей қойса, себебін бірге іздейік. Жинақ психологиясын талдайық.
1. Өзіңізді қазір қуантқыңыз келе ме, әлде ол сезімді кейінге қалдырасыз ба: осы қарсылықта кім жеңеді?
Ақша жинай алмай қиналған кезде әр адамның ішінде, шынымен, текетірес болып жатады. Яғни қазіргі «сіз» бен болашақтағы «сіз» екеуара қарсыласады. «Ертең керек болып қалар» деп қорға салатын кезде «Қазір үнемдей тұрайын. Есесіне, болашақта бәрі бұдан жақсырақ болады» деген ой келеді. Дәл осы сәтте эмоция билеген мынадай ой да қатар келеді: «Жиналмаса жиналмасын. Кім үшін жұмыс істеп жүрмін? Қазір алып өзімді қуантамын». Осылайша екінші ой жеңген кезде қатты керек болмаса да жаңа бір зат алып, дереу дофамин бөлінеді.
Нейроэкономика саласында жасалған зерттеулерге қарасақ, болашақ туралы ойлаған кез бен қазіргі сәт туралы ойда мидың екі түрлі бөліктері іске қосылады. Көбіне ми «қазір» дегенді таңдағысы келіп тұрады екен. Себебі бұл таңдау әрі оңай әрі бірден қуантады.
2. Ақшаны эмоциямен емес, санмен өлшеп үйренген жақсы
Біз көбіне ақшаға қатысты шешімді логикамен емес, эмоциямен қабылдаймыз. Яғни ақша жинасақ, «қалталы болайын, ақшам болсын» деп емес, «қауіпсіздік, еркіндік болсын» деп жинаймыз. Ал енді жаратқан кезде: қуанайын, стресті азайтайын, өзімді лайық санайын деп ойлаймыз. Сондықтан болар мазасыздық, қажу көбейген кезеңде өзімізді емдейтін бірден-бір жол шоппиң болып алды.
Қызық дерек: Journal of Consumer Psychology зерттеуіне қарасақ, стресте жүргенде сатып алған заттан кейін (emotional spending деп аталады) тамақ пен ойыннан соң қосылатын дофамин жүйесі іске қосылады екен.
3. «Ақша жинай алмаймын» деген сылтау бала кезден санаға сіңген болуы мүмкін
Ересектердің көп әдеті түптің түбінде бала кездегі отбасылық тәрбие мен сценарийден қалыптасқан болып жатады. Мысалы, ата-анаңыздан мынадай қылықтарды байқайтын ба едіңіз?
- «Бізде ақша жоқ» деп көп айтатын;
- Ақшаны бір құртса импульспен керек болсын, болмасын зат ала беретін;
- Ақша туралы ашық талқы болмайтын
Егер осындай болса, онда ақша жинау сізге қиынға соғады. Тіпті іш пысатын, болмаса мүмкін емес дүние болып көріне береді. Сол сияқты бала кезде ақша деген тек айқай-шумен байланысты болған болса, онда ол өсе келе жинақ туралы ойдан түбегейлі қашатын болуы мүмкін.
4. «Көп тауып бастайын, сосын жинаймын»
Көпшіліктің жиі түсіп қала беретін қақпаны — осы. Табысы өсіп жатыр, соған сай шығыны да өседі. Мұны хедонистік бейімделу эффектісі деп атайды. Яғни адам жаңаша өмірге жылдам үйреніп кетеді де, артылған ақша дереу құртылып кете береді. АҚШ-та жасалған зерттеуге қарасақ, жылына 100 000 доллардан аса табыс табатын адамдардың 40 пайызға жуығы сондай табысына қарамастан айлықтан-айлыққа тұрып жатыр екен. Өйткені жинайтын әдет қалыптастырмаған.
5. Қазіргі заманда жинау өте қиын
Заманның да әсері бар. Өйткені қазір шығынданғысы келген адамға бәрі оңай:
- Жан-жақтан жарнама шығып тұрады. Қалай алғаныңды білмей қаласың;
- Маркетплейстер мен шоппиң жасайтын қолданбаларды 24/7 пайдалануға болады;
- Бөліп төлеп алуға болатын мүмкіндіктер бар болғасын тегін бергендей ала береміз;
- Әлеуметтік желі жақтан қысым бар. «Бәрінің өмірі ғажап» деген ой тұрады.
Қызық дерек: Mastercard деректеріне сүйенсек, миллениалдардың 60 пайыздан астамы зат аламын деп жоспарламаса да, Instagram не TikTok-тан көріп алып қоя береді екен. ,
6. Психологиялық лайфхактар: қалай ақша жинап үйренуге болады?
Мінез-құлық экономикасы зерттеулеріне сүйене отырып құрастырылған мына стратегияларды қолданып көрсеңіз болады:
- Автоматизация
Айлық түскен бойда жинақ шотына автомат түрде ақша аударылатын қылып баптап қойыңыз. Өйткені ақшаны салатын жерге бірден салып тастамаса, кейін ойланып қалуыңыз мүмкін. - Визуализация
Не үшін жинап жатқаныңызды визуалдаған артық болмайды. Мысалы, «отбасымызбен жазда Еуропаға барамыз» деп жинап бастаған әлдеқайда нәтижелі. Егер мақсат белгісіз болса, онда жинаудың да мәні жоқтай көрінуі мүмкін. - Аз-аздан
Алдымен азғантай сомадан бастаңыз. Мысалы, күніне 500 теңгеден көрсеңіз болады. Бір қарағанда ондай көп сома емес, бірақ нәтижесінде ақша жиналып жатады. Бастысы, механизмді іске қосу. - Қаржы трекері
Күнделікті шығынның бәрін қадағалап отырсаңыз, көзсіз ақша құрта беретін әдеттен арыласыз. Зат аларда ойланып, саналы әрекет ете бастайсыз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ұсақ шығындар арқылы өмір салтымыз қалай білінбей қалыптасып жатқаны туралы жазған едік.