Lifestyle

Bucket list немесе қалаулар тізімі. Неге әр адамда осындай тізім болуы керек?

Bucket list немесе қалаулар тізімі не үшін керек?/Фото: shutterstock

Bucket list — адамның көзі тірісінде орындап үлгергісі келетін істері мен арман-мақсаттар тізімі. Көбіне батыс әдебиеті мен фильмографиясында жиі қолданылады. Әлеуметтік желі мен саяхатшылар аузынан да «bucket list destination» (өлмей тұрып, барып үлгергің келетін жер немесе ел) деген сөзді жиі естиміз. Бүгін осы тіркестің қайдан шыққанын, әлеуметтік мәні мен психикаға пайдасын талдаймыз. 

«Bucket list» тіркесінің мағынасы қандай?

Ағылшын тілінде «kick the bucket» деген тіркес бар. Өмірден өту, қайтыс болу деген мағынаны білдіреді. Осыдан bucket list — өлмес бұрын орындап үлгеру керек істер тізімі болып шыға келеді.

Бұл тіркес 2007 жылы жарық көрген «Bucket list» (Пока не сыграл в ящик) фильмінен кейін кең қолданыла бастады. Фильмде қатерлі ісікке шалдыққан қос науқас (бірі — миллиардер, екіншісі — автомеханик) демі үзілгенше, өмірін әсерлі өткізу үшін армандар тізімін жасап, үлкен саяхатқа шығады. Екеуі парашютпен де секіреді, пирамиданы да көреді, раритет көлікпен де жарысады. Кинотуынды өмірдің әр сәтінен ләззат алу, әр күніңді сый деп қабылдап, оны барынша жарқын өткізу жайлы терең ой салады. 

Бүкіл өміріңе мақсат жазып шығу қиын емес пе? 

Қазір bucket list өмірдің соңына дейін орындалуы керек ұзақмерзімді армандар емес, белгілі бір уақыт аралығында (мысалы, «жазды есте қаларлықтай өткізу» тізімі) немесе қандай да бір межеге (айталық, оқу бітіргенше, 30-ға толғанша, тұрмысқа шыққанша) дейін қол жеткізу керек мақсаттар контексінде жиі пайдаланылып жүр. 

Бұл тізімге не жазатынын әркім өзі шешеді. Ең бастысы, қағазға түсірген арман-мақсаттарыңыз кеудеңізге жаңа дем сыйлап, өмірге құштарлығыңызды оятса болғаны. 

Bucket list — тек ақша мен мансап жайлы ма?

Капиталистік әлем бізді үздіксіз жетістікке жетуге, әр жаста қатарластарыңның алды болуға, қамсыз өмір сүруге үгіттейді. Интернет те, әлеуметтік желі де өмір сапасын көтеруді үйрететін коучтар мен кеңестерге толы. Енді оған өмірлік мақсаттар тізімін қоссақ, миымызға жүктеме одан әрі артып кетпей ме?

Bucket list ақша, байлық, материалдық дүние, үлкен мансап немесе лауазым ғана емес, өмірді 100 пайыз, өкінішсіз сүру, оны бақытты сәттерге толтыру жайлы. Сондықтан аталған тізім көбіне бұрын-соңды жасап көрмеген экспириенсті бастан өткеруге, жаңа әсер мен дәмге ашық болуға, қорқыныштарды жеңуге жетелейді. Бірнеше мысал келтірейік:

  • Китпен жүзу
  • Скайдайвинг курсынан өтіп, инструкторсыз парашютпен жалғыз секіру
  • Жалғыз рюкзакпен, небәрі 1000 долларға Еуропа елдерін түгел аралап шығу
  • Индонезиядан Францияға дейін автостоппен жету
  • Үндістанда випассана практикасынан өтіп, 10 күн ғибадатханада өмір сүру
  • Босфор бұғазын жүзіп өту
  • Африкадағы шөл далада тұратын ауылдарға барып, балаларға білім беру 

Қысқаша айтқанда, Bucket list — қалаулар тізіміне ұқсайды. Ішкі қалауларыңды анықтап, өмірді соларды орындауға арнау — өзіңді бақытты етуге көмектеседі. Ал бақытты адамның өмірі зая кетпейді. 

Қалаулар тізімінің қандай пайдасы бар?

Қалаулар тізімі экзотикалық елге саяхат, жаңа нәрсе үйренуден бастап, ескі досыңмен қайта кездесу, арман болған тамақтан дәм татуға дейін сізге қарапайым қуаныш пен бақыт сыйлайтын кез келген дүниені қамтиды. Мақсатыңыз үлкен немесе кіші болғанына қарамастан, оларды қағазға түсіру, орындауға ұмтылу және соңында қол жеткізудің психикаға пайдасы зор.

Сонымен bucket list:

1. Өзіндік рефлексияға көмектеседі

Қалаулар тізімін жасау үшін терең ойланып, өзіңіз үшін не маңызды екенін анықтайсыз. Құндылықтарыңыз, қызығушылықтарыңыз бен өмірді қалай сүргіңіз келетінін еске түсіресіз. Бұл процесс бірінші кезекте, өзіңізді тануға, одан кейін күнделікті іс-қимылдарыңызды мақсаттарыңызбен сәйкестендіруге, саналы таңдау жасауға көмектеседі. 

2. Мотивация береді

Қалауларыңыз көз алдыңызда тұрғанда, арманыңыздағы өмір картинасы толық қалыптасқанда, мақсаттарға қол жеткізуге құлшыныс оянады. Өйткені мида не үшін және қалай деген түсінікті алгоритм түзіледі. Бұл мотивацияны оятып, жаңа энергия береді.

3. Стресті азайтады

Қалаулар тізімі миды позитивті ойларға фокус қоюға үйретеді. Өміріңізді бұрынғыдай мәнсіз күйбең тіршілікпен емес, мағыналы, өзіңізге бақыт сыйлайтын дүниелермен толтыруға тырысасыз. Жоспар құру, күнделікті мақсаттарыңызға қарай бір қадам болсын жасау миды стресс туғызатын триггерлерден қорғап, өміріңіздің тізгіні өз қолыңызда, бәрі бақылауда деген сезім береді. 

4. Эмоционалдық күйді жақсартады

Тізімдегі бір дүниенің болсын орындалуы жетістікке жеткендей қуаныш сезімін сыйлап, өзіңізге, ішкі тірегіңіз бен күшіңізге деген сеніміңізді еселейді. 

5. Тұрақтылық пен тұлғалық өсуге ықпал етеді

Тізімде жазылғандарды толық болмаса да, жартылай орындаудың өзі миға ойға алған дүниені жүзеге асыру деген жақсы әдет қалыптастырады. Ал жетістікке жетудің ең қарапайым формуласы — тұрақтылық екені белгілі. Әр мақсатыңыз орындалған сайын, сіз бұрынғы нұсқаңыздан бір сатыға үздік бола түсесіз. Бұл — тұлғалық өсу кепілі.

Bucket list тізімін қалай жасаймыз?

Бірінші тізімнің мақсаты мен мерзімін анықтап алыңыз. Ол үшін «Қазір жаным не қалап тұр» деген сұрақтан бастаңыз. Ұзақмерзімді, үлкен мақсаттар жақсы, әрине. Бірақ жедел дофаминге әбден үйренген миымызға жылдам нәтиже мен тез табылатын қуаныш керек. Онсыз бірден алыс дистанцияға ұмтылсаңыз, дисциплинаға бейімі аз ми одан тез жалығып, бастаған ісіңізді орта жолда қалдырып кетуіңіз мүмкін. 

Мәселен, алда 3 ай жаз. Ішіңізде «жазды жылдағыдай үйде жалығып, жалғыз өткізгім келмейді» деген ой бар делік. Онда осы қысқа демалысты жарқын, ұмытылмастай етіп өткізуге көмектесетін іс-әрекет, кішкентай қуаныштар тізімін жасаңыз. 

Ой жаттықтыру үшін кішкене мысал:

  • Саябақта немесе бақшада гүл, жаңа піскен жеміс, салқын шырынмен пикник жасау. Оған жақын адамдарыңызды шақырып, киініп, фотосессия ұйымдастырып, жаздың бір күнін әдемі естелікке айналдыруға болады.
  • Алыс елге бюджетіңіз болмаса, Қазақстан ішіндегі бұрын өзіңіз болмаған жаңа ауыл/қалаға (1 сағаттық жерде болса да) саяхаттап бару. Саяхат — тек шетел емес. Миға таңсық жаңа жер, дәм, әсердің бәрі — саяхат бола алады. Жаңа қаланы картасыз, жоспарсыз таңнан кешке дейін жаяу аралаңыз. Кез келген автобусқа отырып кетіңіз, терезеден көрінісі ұнаған жерден түсіп қалыңыз, сүйкімді көрінген кофеханадан десерт жеңіз, тұрғындармен танысыңыз, жолда кездескен кез келген жаңа тәжірибеге қосыла кетіңіз (балмұздақ, аттракцион, концерт, т.б)
  • Табиғи суда шомылу (бассейн емес, өзіңіз тұратын жерге жақын сарқырама, көл, өзен іздеңіз)
  • Таудың биігінен күнді қарсы алу немесе шығарып салу
  • Кэмпинг жасау
  • Ашық аспан астында кино көру
  • Өзіңіз байқап көрмеген немесе түсінбейтін спорт түрлерінің бір сабағына болсын қатысып көру. Көп орталықта бірінші сабақ тегін, сол мүмкіндік пайдаланып, жартасқа өрмелеу, мәнерлеп сырғанау сияқты небір қызық спортты байқап көрсеңіз болады.

Тізімдегінің бәрі оңай қол жетпейтін үлкен немесе еш күш салмай, тез ала қоятын кішкене мақсаттар ғана болмауы тиіс. Қалау-мақсаттарыңыз әртүрлі болсын. Оларды жүзеге асыруды әдеттегідей, өзіңізге қатты ұнағанынан немесе ең жеңілінен бастауға болады. 

Bucket list өмірдің өлшеулі екенін еске салады. Өзіңізге оралуға, сізді не бақытты ететінін түсінуге көмектеседі. Ал бұл ешқандай коуч пен миллион тұратын курстарсыз-ақ өмір сапасын арттырады. Ендеше бұл тізімді сіз де байқап көріңіз, іске сәт!