Жаңалықтар

Иран АҚШ шабуылынан кейін де ядролық өнеркәсіпті тоқтатпайтынын мәлімдеді

Иран ядролық өнеркәсіпті тоқтатпайтынын мәлімдеді/фото: Bloomberg

Иранның атом энергиясы агенттігі АҚШ-тың үш негізгі ядролық нысанға жасаған шабуылын «қатыгез шабуыл» деп атады. Алайда соққыдан кейін ядролық өнеркәсіптен бас тартпайтынын жеткізді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Bloomberg хабарлады.

Агенттік хабарлауынша, «заңсыз әрекеттер» ұлттық өнеркәсіптің дамуын тоқтатпайды.

Агенттік АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі мәлімдемесінде айтқан Фордо, Натанз және Исфахандағы нысандардың «толық жойылғанын» растаған жоқ.

IRNA Иранның ядролық қауіпсіздік басқармасы соққылардан кейін осы үш ядролық нысанда радиациялық ластанудың белгілерін анықтамағанын хабарлаған. Басқарма сондай-ақ нысан маңында тұратын азаматтарға қауіп жоқ екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әуе соққылары Иранның үш негізгі ядролық нысанын «толық жойғанын» мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеран Израильмен бейбіт келісімге келмесе, әскери іс-қимылдарды жалғастыратынын ескертті.