
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасады.
«АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери әрекеттерінен кейін әлемнің біз орналасқан бөлігінде мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін қатерлі салдары бар халықаралық жағдайдың күрт нашарлауы байқалады», – делінген ақпаратта.
Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытып келеді.
«Мемлекетіміз барлық келіспеушіліктерді, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды.
Барлық мүдделі елдерді ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық бақылаумен таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында келісімді жақын арада әзірлеуге шақырамыз», – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әуе соққылары Иранның үш негізгі ядролық нысанын «толық жойғанын» мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеран Израильмен бейбіт келісімге келмесе, әскери іс-қимылдарды жалғастыратынын ескертті.