
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әуе соққылары Иранның үш негізгі ядролық нысанын «толық жойғанын» мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеран Израильмен бейбіт келісімге келмесе, әскери іс-қимылдарды жалғастыратынын ескертті.
«Жағдай бұлай жалғаса алмайды. Не бейбітшілік болады, не Иран үшін соңғы сегіз күнде көргенімізден де әлдеқайда үлкен трагедия болады», – деді Трамп Ақ үйдегі сөзінде.
Трамп АҚШ күштері Натанз, Фордо және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарға соққы жасағанын айтып, бұл шабуылдарды «керемет әскери жетістік» деп атады.
«Иранның негізгі уран байыту объектілері толық жойылды. Таяу Шығысты қорқытып келген Иран енді бейбітшілікке келуі керек. Егер олар келіспесе, болашақтағы шабуылдар әлдеқайда ауқымды болады – әрі оларды жүзеге асыру әлдеқайда оңай болады», – деді АҚШ президенті.
Трамп өз сөзінен кейін бірден әлеуметтік желіде Иранға ескерту жасады.
«Америка Құрама Штаттарына қарсы Иран тарапынан келетін кез келген қарсы шабуылға бүгінгі кештегіден де күшті жауап беріледі», – деді ол.
Трамптың жанында вице-президент Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Қорғаныс министрі Пит Хегсет болды. Президент Пентагон басшысы жексенбі арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, шабуылдарға қатысты толық мәлімет беретінін айтты.