Авто

Toyota жаңа RAV4 негізінде гибридті кросс-купе шығарады

Toyota жаңа кроссоверінің ерекшелігі неде? / Фото: kursiv.media

Toyota компаниясы RAV4 үлгісінің негізінде жаңа купе тәріздес кросс-купе жасап шығарады. Бұл туралы жапондық Best Car Web порталы сенімді дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, әңгіме Harrier моделінің келесі буыны жайлы болып отыр. Ол RAV4-ке қарағанда әлдеқайда ерекше және даралана түспек. Toyota қазіргі уақытта көліктің форматын кросс-купеге ауыстыру, дөңгелек базасын ұзарту және алдыңғы бамперін қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Жаңалығы неде?

Техникалық тұрғыдан алғанда ең үлкен жаңалық – жаңа гибридті қондырғы болмақ. Оның негізін 1,5 литрлік турбоқозғалтқышы бар HEV (өздігінен қуатталатын гибрид) жүйесі және Toyota-ның фирмалық E-Four толық жетекті электр жүйесі құрайды. Жүйенің жалпы қуаты 250 ат күшіне дейін жетеді деп күтілуде. Бұл Toyota үшін 1,5 литрлік X15 турбомоторын қолданатын алғашқы модель болмақ.

Harrier 2026: стиль мен технология тоғысқан жаңа кезең

Қазіргі Harrier моделі 2020 жылдан бастап шығарылып келеді және ол RAV4-пен ортақ TNGA-K платформасына негізделген. Алайда, алтыншы буындағы Harrier Crown Sport моделінен алынған ұзартылған шассиді қолдануы мүмкін.

Harrier моделі қазірдің өзінде спорттық сипатқа ие болса, жаңа буында ол одан да стильді, купе тәрізді пішінді болады. Шпиондық фотолар әлі шықпаса да, Best Car Web порталы келесі буын Harrier сәнді, динамикалық және заманауи кросс-купе ретінде ұсынылатынын мәлімдеді.

Жаңа модельдің ресми тұсаукесері екі жылдан кейін өтуі мүмкін. Сондықтан оны әзірлеу барысында кейбір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Айта кетейік, Қытайда да Harrier моделі бар және жергілікті журналистердің айтуынша, RAV4-тің Қытай нарығына арналған нұсқасын бірлескен кәсіпорындар әзірлемек.

Қатаң бәсеке жағдайында Toyota компаниясының 1,5 литрлік турбомоторға басымдық беруі орынды – мұндай қозғалтқыштар бүгінде негізгі бәсекелестердің модельдерінде кеңінен қолданылып жатыр.

Harrier мен RAV4 арасындағы байланыс қандай?

Toyota Harrier мен Toyota RAV4 – екеуі де бір платформада жасалған, яғни техникалық негіздері ортақ. Бұл платформа – TNGA-K деп аталады. Бірақ олардың позициясы мен нарықтағы мақсаты әртүрлі.

Олар бір платформада жасалғанымен, олар ұсынылатын нарықтар әртүрлі және бұл да олардың ара-жігін ажырататын маңызды фактор. RAV4 АҚШ, Еуропа, Қазақстан, Канада, Аустралия, Таяу Шығыс және т.б. елдерде сатылады. Ал Harrier Жапон ішкі нарығына бағытталған. Стиль, жайлылық, интерьер сапасы маңызды. Кейде Lexus моделінің баламасы ретінде қарастырылады.

Қарапайым тілмен айтқанда, Harrier – RAV4-тің «стильді әрі жайлы» баламасы. Екеуі – бір «отбасыдан», бірақ Harrier көбірек премиумға бағытталған. RAV4 – жан-жақты болса, Harrier – сән мен жайлылыққа негізделген.

Еске сала кетсек, бұған дейін жапондық өндіругі Қытайда өзінің ең үлкен электр көлігінің сатылымын бастаған еді. Бұл жаңа үлгі bZ (Beyond Zero) деп аталады. Ол электр көліктер желісінің флагманына айналуы мүмкін.