
Қарқарадағы қымызмұрындық мәдени шарасы мен Жолан жүйрегі ат бәйгесі өтті. Өткен сенбіде Қарқара жайлауына 10 000-нан аса адам жиналды.
Әрине, көшпенділер дәуіріне барып, көзбен көруді қалайтындар аз емес. Ол үшін уақыт мәшинесін ойлап табудың қажеті жоқ. Тек қана Қарақарада жыл сайын өтіп жатқан қымызмұрындықтан қалмау жеткілікті.
Қарқара жермеңкесін де, ата-бабаларымыз тұрған үйлер мен мінген көліктерін, қалай тамақтанып, қалай өмір сүргенін, қандай бұйымдар ұстағанын Қарқарадан көре аласыз.
Қарқара жәрмеңкесі

Қарқара жәрмеңкесіне қолөнер шеберлері өз өнімдерін әкелді. Соның бірі – Айнұр Нұрабаева. Ол өзінің қолынан шыққан «Қызғалдақ» деп аталатын сәукелесін ұсынды. Бұл сәукеле қыз ұзату тойында кез келген қалыңдыққа ерекше тартымдылық беретіні сөзсіз.

Жәрмеңкедегі ұлттық нақышта жасалған күміс әшекейлер көздің жауын алады. Қарқарадағы қымызмұрындыққа жиналған адамдар ерекше қызығушылық танытты. Өйткені, күміс әшекейлердің сапасы мен бағасының үйлесімі қонақтарды қатты таңырқатты.
Қымызмұрындық

Қарқара жайлауына келген 10 мыңнан аса адамға қымыз тегін таратылды. Қонақжай кегендіктер Қарқара қонақтарын балдай қымызымен қарсы алды. Кеген ауданында 26 мың адам тұрады. Ал жылқылардың саны 37 мыңға жуық.

Қарқара қымызмұрындық мәдени шарасында 50-ге тарта киіз үй тігілді. Қарқара жайлауында нағыз көшпенді дәуірдің рухы сезілді. Киіз үйлердің ішіндегі ғажайып түскиіздер, туырлық және басқа да бұйымдар ерекше аура сыйлайды. Әсіресе, қонақжай әрі сыпайы Кегеннің аруларының қымыз сапырауы бір өнер.
Аспан астындағы театр

Қарқарада қымызмұрындық сәні, әрине, аспан астындағы театр болды. Қонақтар қазақ халқының ежелгі дәстүрлерін тамашалады. Ақжаулықты әжелер мен байырғы батырларды, ит жүгіртіп, құс салған аңшыларды да көруге болады.

Қарқарадағы қымызмұрындық шарасында құмай тазы мен бүркіті бар, батырлардың образын сомдағын еңсегей бойлы қазақ жігіттері мен жауынгер қазақ арулары ерекше көзге түсті. Бір сәттік үзіліс жасап, дем алып отырған сәті.
Ұлттық спорт

Қарқарадағы қымызмұрындық ұлттық спорт мерекесіне айналды. Қазақша күрестен жарыс өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген балуандар бақ сынасты.

Қымызмұрындық барысында қазақтың ұлттық ойындарының бірі – алыптар айқасы өтті. Онда күш атасын танымайтын қара күш иелері сынға түсті. 150 келі болатын қара тасты көтеріп, межелі жерге дейін көтеріп жеткізуі тиіс. Одан бөлек, ауыр жүк тиелген арбаны да сүйреді.

Әрине, қой көтеру – қазақ халқының ежелгі қызық ойындарының бірі. Салмағы 85 келіден асатын қойды кім көп мәрте көтерсе, сол қойдың иесі атанады.
Қарқара сазы

Әрине, қазақ мәдениетін ән-күйсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан қазақтың қара домбырасының үні қымызмұрындықтың сәні болды. Дала сахнасынан бөлек, арнайы сахна да тұрғызылды. Онда жергілікті және елімізге танымал өнерпаздар өнерін көрсетті.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, бұл шара Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен өткізілген.
«Мақсатымыз – халыққа салт-дәстүрімізді насихаттау. Қымызмұрындық – той ғана емес, ауылшаруашылық, ұлттық қолөнершілер көрмелері. Алматы облысының әр ауданы бас қазақ үйлерді тікті. Туризмді, ұлттық спортты насихаттау үшін осындай шара өткізіп отырмыз», – деді аудан әкімі.
Мұның алдында Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері жаңа жұмыс кестесіне көшкен еді.