
Қазір Иранда шамамен 50-ге жуық, ал Израильде 170-ке тарта қазақстандық бар. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрілігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
«Біздің орташа есеппен Қазақстанның көк паспорты бар 50-ге жуық адам қалды. Оның Ирандағы қазақтарға қатысы жоқ, олар сол елдің азаматы саналады. 50-ге жуық адамның жартысы – біздің қызметкерлер. Олар бұл елден кете алмайды, жұмыс істеп жатыр. Оларды эвакуацияласақ, қалғандарына кім көмектеседі?», – дейді Смадияров.
Ал Израильде 170-ке жуық қазақстандық бар.
«Олар басқа әуежайлар арқылы шығып жатыр. Елшілікке хабарласса, көмек көрсетуге дайынбыз. Өткен аптада Таяу Шығыстағы азаматтарымызды эвакуациялау бойынша жұмыстар атқарылды. Ираннан 230 адам, Израильден 66 адамды шығардық. Ол өте қиын процесс болды. Израильден Мысырға автобуспен жеткізілді, әрі қарай ұшақпен эвакуацияланды. Ирандағы азаматтар бірнеше бағыт – Әзербайжан, Түркіменстан және Армения арқылы шықты», – дейді министрліктің ресми өкілі.
Айтуынша, қазір де хабарласып жатқан азаматтар бар.
«Қазір ұшақ жібере алмаймыз, бірақ басқа жолдармен шығаруға көмек көрсетіп жатырмыз. Сондықтан Иран мен Израильдегі біздің азаматтарды елшілікпен хабарласып, сол елде қалу не елден шығару қажет екені туралы ақпарат беруі керек», – деді Смадияров.
Сондай-ақ СІМ Таяу Шығыс елдеріне туристік мақсатта баратын қазақстандықтарға алдын ала ойлануға кеңес берді.
Айта кетейік, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады.