Бас прокуратура өнеркәсіп министрлігінің заңға қайшы әрекетін анықтады

Бас прокуратура Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін инвестор жобасы бойынша келіссөз жүргізуді созбалаңға салды деп айыптады.
Нақты айтқанда, ведомство инвестициялық келісім жобасы бойынша келіссөздер жүргізу жөніндегі комиссияны құру мерзімін 15 жұмыс күнінің орнына 47 күнге дейін созған. Ал бұл заң талаптарына қайшы келеді. Сондай-ақ сала бойынша қорытынды беру 9 жұмыс күніне кешіктірілген.
Сондай-ақ өтінімді қарау және келісімнің негізгі шарттары туралы қорытынды дайындау мерзімі де сақталмаған.
«Прокуратураның қадағалау актісі негізінде жол берілген бұзушылықтар үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі департаментінің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген ақпаратта.
Мамандар президент тапсырмасы бойынша инвестициялық жобаларға бақылау жүргізетінін ескертті.