Президент саябағында азғындық сипаттағы QR-код жабыстырғандар анықталды

Астанадағы президент саябағында интернет-ресурстарға сілтеме жасайтын QR-код жабыстырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 9 маусымында О. және Я. Астананың президент саябағында интернет-ресурстарға сілтеме жасайтын QR-кодтары бар арандатушылық мазмұндағы стикерлерді көшенің жарықтандыру тіректеріне жабыстырған.
Осылайша, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған. Екі азамат сот отырысында кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 4-бөлігі негізінде олар 20 күнге қамалды.
Сот шешім шығарған кезде құқық бұзушылықтың қоғамда азғындықтың таралуына түрткі болғанын ескерді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.