Елімізде 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Рақымшылық 15 мыңнан аса адамға жасалады/фото: shutterstock

Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай сотталған 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.

Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі», – деді Тоқаев.

Президент мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет деп айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ кімдердің рақымшылыққа ілігетінін айтты. Сөзінше, алдын ала есеп бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған шамамен 632 адам, пробациялық есепте тұрған 3,5 мың адам рақымшылыққа ілігеді.

«Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 сотталған адамға және пробация есебінде тұрған 5,5 адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Жаза мерзімін қысқарту жалпы 11 мың адамды қамтиды. Соның ішінде 833 әйелге қатысты рақымшылық жасалуы мүмкін. 109 әйел босатылады, 724 әйелдің жаза мерзімі қысқартылады», – дейді Үнзила Шапақ мәжіліс кулуарында.

Кімдерге амнистия әсер етеді?

Заңда қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік жағынан осал санаттарын: кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, сондай-ақ жүкті әйелдерді, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылды.

Сондай-ақ Заңда ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту көзделген.

Қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады:

  • қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар;
  • залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар;
  • залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар.

Кімдерге рақымшылық жасалмайды?

Заң жобасына сәйкес, рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдардың тізімі көрсетілген. Олар:

  • сыбайлас жемқорлық қылмыстар;
  • террористік қылмыстар жасаған;
  • экстремистік қылмыстар не экстремизм белгілері бар қылмыстар жасаған;
  • азаптаулар жасаған;
  • қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған;
  • өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған;
  • қылмыстық топ, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда құрамында қылмыстар жасаған;
  • жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыстар жасаған;
  • кісі өлтіргені үшін сотталғандар;
  • өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу;
  • денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру; денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру;
  • азаптау;
  • адамның органдары мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу;
  • адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ/ЖҚТБ) жұқтыруы;
  • заңсыз аборт жасау;
  • зорлау;
  • 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер;
  • әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру;
  • мемлекеттік опасыздық; шпионаж;
Сондай-ақ оқыңыз