
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген әрі ақшаны заңдастыруға қатысы бар деп күдікке ілінген тұлғаның ақшалай қаражаты мен мүліктік активтері қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденгенін хабарлады.
Ол жылжымалы және жылжымайтын мүліктің қымбат нысандарын, оның ішінде жұбайына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 млрд теңге заңға қайшы ақша пайдаланған. Олардың қатарына Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс автомобиль, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыстар жатады.
Қаржылық тергеу қосымша 1,7 млн АҚШ долларын (872 млн теңгеден астам) және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі айыпталушы мен оның жұбайының шоттарына рәсімделген 47 млн теңгені анықтаған. Олар қылмыс жасау кезеңінде алынған әрі олардың ресми табыстарына сәйкес келмейтіні белгілі болған.
16 маусымдағы сот қаулысына сай, ақшалай қаражат пен мүліктік объектілер мемлекет кірісіне тәркіленген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру фактілері бойынша отызға жуық қылмыстық істі тергеуді бастағанын атап өтті. Істің бір бөлігі сотқа жіберіліп, айыптау үкімі шығарылған.
Бұған дейін, қайтарылған активтер есебінен Жамбылда дәрігерлік амбулатория салынатынын хабарлағанбыз.