АХҚО салықтан жалтарғандар үшін офшорға айналып барады – Серік Жұманғарин

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АХҚО
Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Астана халықаралық қаржы орталығы» Қазақстанның ішіндегі офшор аймаққа айналуы ықтимал. Бұл туралы Сенатта премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Жұманғарин АХҚО-ның кейбір компаниялар үшін салық төлемеудің жолына айналып отырғанын айтып, бұл үрдісті «алаңдатарлық жағдай» деп көрсетті. Министрдің айтуынша, АХҚО аясында тіркелген кәсіпорындар заңды түрде Қазақстандағы негізгі салық міндеттемелерінен босатылады. Соның салдарынан мемлекет жүздеген миллиард теңге жоғалтып отыр.

«Біз нақты компаниялардың атын атамай-ақ қояйық. Бірақ бір ірі холдинг өзінің бас кеңсесін АХҚО-ға көшіріп, осы арқылы 200 млрд теңгеден астам корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан жалтарды», – деді Жұманғарин.

Осыған байланысты Үкімет бір мезетте екі түрлі салық жеңілдігін қолдануға тыйым салатын өзгеріс ұсынып отыр. Егер компания инвестициялық келісім арқылы салық жеңілдігін алғысы келсе, онда ол АХҚО резиденті болмауға тиіс.

Алайда бұл ұсыныс Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың көңілінен шықпады. Ол АХҚО-ны ұзақ жылдар бойы дамытып, елге инвестиция тартудың басты құралына айналдырған мемлекет үшін бұл бастаманың салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

«Біз АХҚО-ны талай жылдан бері қолдап келеміз. Енді бір ғана шешіммен оның инвестор тартудағы рөлін әлсіретіп алуымыз мүмкін. Себебі инвестициялық келісім бойынша жеңілдік алу үшін компания АХҚО емес, Қазақстан резиденті болуы қажет», – деді Әшімбаев.

Оның пайымдауынша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда инвестиция үшін талас күшейіп отыр. Сондықтан мемлекет инвесторларға тұрақты, алдын ала түсінікті және ұзақмерзімді ережелер ұсынуы тиіс. Ойын ережесі үнемі өзгеріп отырса, шетелдік капитал елден теріс айналуы ықтимал.

«Жүйені жай ғана тоқтатып қою оңай. Бірақ орнына тиімді балама ұсынбасақ, бұл экономикалық қауіпке алып келуі мүмкін. Біз реформаны тек өзгеріс үшін емес, нақты нәтиже үшін жасауымыз керек», – деді Сенат төрағасы.

2024 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы 3,1 млрд доллар инвестиция тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз