Иран-Израиль қақтығысы Қазақстан экспортына қалай әсер етеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Иран-Израиль қақтығысы одан әрі ушықса, Қазақстан  Таяу
Иран-Израиль қақтығысы Қазақстан экспортына қалай әсер етеді /Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Иран-Израиль қақтығысы одан әрі ушықса, Қазақстан Таяу Шығыс арқылы тасымалданатын тауарларды жеткізетін балама жол қарастырады. Қазақстан Иранға негізінен азық-түлік сататындықтан, ел экономикасына қатты әсері болмайды. Бұл туралы Сенат кулуарында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді.

«Бізді алаңдататын жалғыз мәселе – логистика. Оңтүстікке баратын жалғыз теміржол Иран арқылы өтеді. Басқа теміржол жоқ, сондықтан бұл жағдай оған қандай да бір әсер етпесе екен дейміз», – деді Серік Жұманғарин.

Бұл ретте вице-премьер жағдай ушығып кетсе, Қазақстан балама жолдарды іздейтінін айтып өтті.

«Жағдай қалай боларын білмеймін. Грузия арқылы айналып өтуге болатын балама жол бар. Қытай арқылы да тауар тасымалдауға болады. Бұның бәрі логистиканы қиындататыны анық. Шиеленіс ұзаққа созылып, бізге әсер ететін болса, бизнесмендерге көмектесеміз. Бірақ олай айтуға әлі ерте», – деді Серік Жұманғарин.

Ал экспортқа шығатын тауар бағасын нарық белгілейді. Жұманғарин тауарлар осы нарық белгілеген бағамен сатылатынын айтады. Қазақстан Иранға азық-түлік экпорттайды. Екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 350 млн долларды құраған.

Бұған дейін Иран билігі Парсы шығанағындағы Ормұз бұғазын жабу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Соған байланысты әлем нарығында мұнай бағасы 80 долларға дейін көтерілді.

Ормұз бұғазының жабылуы Азия экономикасы үшін қиынға түседі. Себебі Қытай күніне 5,4 млн баррель иран мұнайын осы бұғаз арқылы алып отыр. Бұған қоса, бір тәулікте Үндістанға 2,1 млн, Оңтүстік Кореяға 1,7 млн баррель қара алтын экспортталады.

Сондай-ақ оқыңыз