
Сенат 8 миллион адамды декларация тапсырудан босататын түзетуді мақұлдады. Бұл жөнінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Парламент кулуарында мәлімдеді.
23 маусым күні Сенат депутаттары жаңа Салық кодексінің жобасын екінші оқылымда талқылады. Депутаттар жалпы заң жобасын қолдағанымен бірқатар баптарға түзету енгізуді ұсынды. Осыған байланысты құжат Мәжіліске қайтарылды.
Сенаторлар қолдаған маңызды нормалардың бірі – жалпыға бірдей декларация тапсырудың төртінші кезеңінен бас тарту. Бұл кезең 8 млн адамды қамтуы тиіс.
«Бүгін Сенат 8 млн адамды декларация тапсырудан норманы мақұлдады. Бұл – тек жалақы мен әлеуметтік көмек алатын қарапайым азаматтар», – деді Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі сауда-саттықтың шамамен 87%-ы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Яғни, салық органдары барлық қажетті ақпаратты халықаралық және ішкі төлем жүйелерінен автоматты түрде алып отырады.
«Жалдамалы жұмыскерлер үшін салық міндеттемесін олардың жұмыс берушісі – салық агенті орындайды. Біз әрбір қызметкер туралы барлық есептілікті алып, сақтап отырмыз. Адам декларация тапсырмаса да, оның профилі бізде бар. Сондықтан 8 миллионға жуық азаматты декларация тапсыруға мәжбүрлеудің еш мағынасы жоқ», – деп түсіндірді вице-министр.
Бірақ декларацияны тапсыру қажет болатын жағдайлар да бар. Мысалы, егер адам шетелде активтері болса немесе Қазақстанда не басқа елде құны 20 мың айлық есептік көрсеткіштен (78,6 млн теңге) асатын жылжымайтын мүлік сатып алса, онда ол декларация тапсыруы керек. Мұндай жағдайда ол мүлікті қандай қаржыға алғанын, қаражаттың көзін көрсетуі тиіс.
2023 жылғы 15 қарашада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы төртінші кезеңнен бас тарту туралы ұсыныс жасаған болатын. Ал 19 қараша күні премьер-министр Олжас Бектенов бұл идеяны үкімет отырысында қолдады.
Бұған дейінгі үш кезең аясында шамамен 5 миллион адам декларация тапсырды. Олардың қатарында – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бар