
Сенат жаңа Салық кодексі жобасын қарады. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.
Жаңа Салық Кодексіндегі өзгерістер халыққа да, кәсіпкерлерге де тікелей әсер етеді. Осы ретте жаңа құжатпен елдің салық жүйесіне қандай өзгеріс енетінін талдап көрейік.
Қосылған құн салығы мөлшерлемесі өседі
Ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға көтерілуі. Бұл, әсіресе, тауар мен қызмет бағасына тікелей әсер етеді. Өйткені бинесмендер салынатын салықты өнімнің өзіндік құнына қосады. Ал үкімет жаңа салық реформасынан бюджетке қосымша 3-4 трлн теңге түседі деп жоспарлап отыр.
Үкіметтің өзі ҚҚС өскен соң, инфляция қарқын алатынын мойындаған. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляция 3 пайызға өсуі мүмкін деді. Инфляция қарқын алғанда, халықтың тұрмысы, төлем қабілеті нашарлайды.
Бұл ретте дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтер үшін қосылған құн салығы 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз болмақ.
Тіркеу шегі төмендеді
Жаңа салық кодексінде қосылған құн салығын тіркеу шегі төмендейді. Бұған дейін жылдық қаржы айналымы 20 мың АЕК, яғни 78,6 млн теңгеден асатын кәсіпкер ҚҚС төлесе, енді жылдық айналымы 10 мың АЕК (39,1 млн теңгеден) асатында ҚҚС төлеушілердің қатарына кіреді.
Әу баста ҰЭМ жылдық айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерге ҚҚС төлетпек болған. Алайда, экономистер де, шағын кәсіпкерлер де, депутаттар да үкіметтің бұл бастамасын қолдамай, тіркеу шегі 39,1 млн теңге болып белгіленді.
Үкімет осылайша салық төлемеу үшін бизнесін «бөлшектейтіндердің» санын азайтпақ. Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, жаңа заң негізінде 300 мыңға тарта кәсіпкер ҚҚС төлейтін бизнестің қатарына қосылады.
Арнайы салық режимдері қайта қаралады
Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін 7 түрлі арнайы салық режимі бар. Енді олар қысқарып, тек үш түрлі режим қалмақ.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін:
Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жылдық табысы 15 миллион теңгеден аспайтын азаматтар 4% салық төлейді.
Жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтіндерге:
Мұнда жылдық табыс шегі – 600 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 2,36 миллиард теңге). Қызмет түрлері шектеулі болса да, жұмысшылар санына шектеу жоқ.
Салық ставкасы – 4%, бірақ оны жергілікті маслихаттар 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады.
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим:
Қолданыстағы жеңілдік сақталады. Бірақ бұған дейін төленіп келген жер салығының орнына енді жеке табыс салығы төленеді.
Прогрессив салық жүйесі енгізіледі
Салық кодексінің тағы бір жаңалығы – жеке табыс салығына қатысты. Прогрессив шкала енгізіліп, табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлейтін жүйе қарастырылып жатыр.
Жылына 8 500 АЕК (33,4 млн теңге), яғни айына 3 млн теңгеден аса жалақы алатындар 15 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Ал 3 млн теңгеге дейін алатындардың айлығынан бұрынғыдай 10 пайыз ұсталады.
Ал жалпы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкердер жылдық табысы 230 мың АЕК-тен (904,4 млн теңге) асса, 15 пайыз салық төлейді.904 млн теңгеге дейін 10 пайыз салық аударады.
Банктер мен букмекерлер төлейтін салық артады
Жаңа кодексте басым салалар үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) 20% күйінде қалса, банк секторы үшін бұл көрсеткіш 25% болады. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтары да 25% КТС төлеуі тиіс.
Ал білім және денсаулық сақтау салаларында КТС 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады. Бұл аталған салаларды дамытуға бағытталған шешім. Ауыл шаруашылығы үшін бұрынғыдай 3% мөлшерлеме сақталады.
Сән-салтанатқа салық салынады
Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, аса қымбат мүлікке қосымша салық салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл көліктерге, сондай-ақ 100 миллион теңгеден жоғары тұратын ұшақ пен яхтаға 10 пайыз көлемінде акциз салығы салынады.
Бұдан бөлек, егер бір адамның иелігіндегі жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 миллион теңгеден асып кетсе, иесі әр мүлік үшін қосымша 2 пайыз мүлік салығы есептеледі.
Бұл өзгерістер табысы жоғары азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және бюджетке қосымша кіріс көзін қамтамасыз ету мақсатында енгізілмек.
Алайда құны 20 000 АЕК-тен (шамамен 78,6 млн теңге) асатын дүние-мүлік сатып алғандар оның қайдан алынғанын көрсетуі керек. Бұл шара көлеңкелі кірістің алдын алуға бағытталған.