Жаңалықтар

Талғарда FIFA стандартына сай футбол академиясының құрылысы басталды

Талғарда FIFA стандартына сай футбол академиясы салынады / фото: Almaty International Airport

2025 жылғы 23 маусымда Алматы облысы, Талғар қаласында халықаралық FIFA стандарттарына сай салынатын «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының іргетасын қалау рәсімі өтті.

Салтанатты рәсім барысында алғашқы сөз TAV Airports Holding бас директоры Серкан Каптанға берілді.

«TAV Airports Holding үшін тұрақты даму – бұл тек жауапкершілік емес, сонымен қатар қоғаммен терең байланыс орнату мен келешекке бағытталған нақты қадам. Жастарды қолдау мен олардың дамуына үлес қосу – біздің қызметіміздің негізгі құндылығы», – деді Серкан Каптан.

Футбол академиясы жас буынның болашағына, елдің спорттық әлеуетіне жасалған ұзақ мерзімді инвестиция. Мұнда балалардың тұруына, оқып-білім алуына, кәсіби дайындық пен футбол әлеміне бейімделуіне толық жағдай жасалмақ.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров академияның ашылуы еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболының дамуына тың серпін беретінін атап өтті:

«Бүгін іргетасы қаланған бұл футбол академиясы – Қазақстан футбол федерациясының ірі әрі стратегиялық маңызы бар жобасы. Ол жас футболшыларды даярлау жүйесіне жаңа көзқарас әкеледі», – деді ҚФФ басшысы.

Рәсім соңында құрметті қонақтар мен жоба өкілдері іргетас қою рәсіміне қатысып, арнайы футбол добына қолтаңба қойып, оны жас футболшыларға табыстады.

фото: Almaty International Airport

Академияның жалпы аумағы – 5 520 шаршы метр. Нысан үш негізгі блоктан тұрады:

  • Спорттық блок – жабық футбол алаңы, дене дайындығы залы, бассейн, киім ауыстыратын және қызметтік бөлмелер;
  • Әкімшілік-тұрмыстық блок – жаттықтырушылар кабинеті, медициналық және оңалту бөлмелері, конференц-зал, асхана және техникалық аймақтар;
  • Төрт қабатты жатақхана – оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жеке дайындыққа арналған кеңістіктер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы, Талғар қаласында испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол клубының академиясы ашылатыны туралы жазған едік.