
Kursiv.Media тілшісі Рауан Мутаир Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында өткен үстел теннисі турнирінде бірінші орынға ие болды.
Журналистер күні қарсаңында Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында ерекше форматтағы спорттық іс-шара өтті. Белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнирге кітапхана қызметкерлері мен медиа саласының өкілдері қатысты.
Қатысушылар үстел теннисінен бақ сынап, өзара шеберліктерін ортаға салды. Турнир қорытындысы бойынша, бас жүлде Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің Жамбыл атындағы кітапханасының жетекшісі Аян Темірбекұлына бұйырды. Ал бірінші орынды Kursiv.Media порталының журналисі Рауан Мутаир жеңіп алса, екінші орынды Qazaqstan ұлттық телеарнасының қызметкері Нұрлыбек Сайділдаұлы иеленді. Үшінші орын ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Зарина Әжібековаға табысталды.
Сондай-ақ турнир аясында медиа-куиз ұйымдастырылып, қатысушылар еркін форматта әңгімелесіп, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media тілшісі Ақниет Төленді Алматыда БАҚ қызметкерлері арасында тоғызқұмалақтан өткен турнирде топ жарған еді.